ПЕТРОПАВЛ. 24 ақпан. Петропавл қаласы Копай шағынауданындағы жекеменшік үйлердің бірінен газға тұншығып қала жаздаған 4 пен 14 жас аралығындағы 5 бала құтқарылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеріс барысында өрт сөндірушілер пештің түтінді дұрыс тартпайтынын анықтаған. Отанасы таңертеңгілік мезгілде от жағып, әлдебір шаруалармен шығып кеткен. Үйге келгенде балаларының басы ауырып, әлсізденіп отырғанын байқап, жедел медициналық көмек шақыртқан. Газға тұншыға жаздаған олар шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Төрт бала үйлеріне қайтарылып, біреуі қалдырылған.
Сондай-ақ, Петропавл қаласының «Совхозная» көшесінен 2011 және 2013 жылы туған екі бүлдіршін газбен уланып, ауруханаға жеткізілген. Оған үйді қызыл жалынға ораған өрт себеп болған.
Жыл басынан бері өңірде 109 өрт оқиғасы тіркеліп, 15 миллион теңге шығын келген. 6 адам қаза тауып, 7 адам түрлі дене жарақатын алған.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
баспасөз қызметі.
Сурет: otyrar.kz.