ӨСКЕМЕН. 24 ақпан. Өскеменде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту сабақтары ұйымдастырылуда. Бұл жөнінде egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мамандарының тұрақты түрде қатысуымен өтетін сабақтарды ұйымдастырудағы мақсат – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі әрі маңызды бағыттарын қызметкерлерге жете түсіндіру, сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық туралы түсінікті қалыптастыру, сондай-ақ жұмыс барысында туындауы мүмкін қақтығыс жағдайларына психологиялық және әлеуметтік дағдыландыру, бейімдеу.
Аталған оқыту сабақтары агенттік қойып отырған мақсат-міндеттерді сапалы әрі нақты орындау, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, департаменттегі қызметіне дейін қоғамның әртүрлі салаларында қызмет еткен мамандарды жаңа жұмыс орнына бейімдеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметте мінсіз қызмет ету арқылы мемлекеттік қызметшінің оң келбетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, ескерту және онымен күрес жүргізудің бірыңғай әдістерін анықтау мақсатында жүргізілуде.
Осыған дейін Өскемендегі Қазақ-Америка еркін университетінің оқытушылары Ф.Ескендірова мен К.Алембаев «Этика және мүдделер қақтығысы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың заңнамалық негіздері», Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы Э.Столярова «Қақтығыс жағдайларының психологиясы» және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мұғалімі А.Әмірғалиев «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің негіздері» тақырыбында дәрістер өткізді.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz.