• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2010

ӨЗТҮРІК ЕСІМІ КӨМЕСКІ ТАРТПАСА ЕКЕН

595 рет
көрсетілді

Алғаш рет Мұстафа Өзтүрік елім, жерім деп Алматыға келгенде “Ассалаумағалейкум, халқым!” деп тізерлеп отыра кетіп, әкем үй тіккен, шешем от жаққан жерде жүрмесем де Қазақстанымды, туған жерімді сағындым, Аллаға шүкір бұл арманға жеткізгеніңе. Түр­кия­да бір қазақ деген елім бар. Бәрі өз сағы­ныш­тары мен сәлемдерін менің мынау бір жұ­дырықтай жүрегіме сыйдырып жіберді. Сол ыс­тық ықыласты қабыл алыңыздар”, – деп еді. Құм ішіндегі алтын секілді елеусіз ғана ел ішінде жүретін аса бір ерекше таланттар болады. Солардың бірі таэквандодан әлемдегі биік тұрған саңлақ Мұстафа Өзтүрік болатын. Төрткүл әлемдегі алпауыт мемлекеттердің өзін тәнті еткен, мұсылман баласының ішінен бі­рін­ші болып шыққан 6 данның иегері, халық­аралық дәрежедегі бапкер ініміз Мұстафаны діни қайраткер, жазушы Халифа Алтай, Мансұр Тәйжілер мақтан ететін. Өз ұлтын әлемге танытып, беделін биіктеткен Мұстафа Өзтүрік Тайвань, Гонконг, Кореяда жүріп, таэквандоның қыр-сырын үйренгені шындық. Аты әйгілі Брюс Лимен бір мектепте тәрбиеленген Мұстафа Өзтүрік бүгінгі шығыс жекпе-жегі – таэквандомен айналысып жүр­ген жастардың пірі десек артық болмас. Бү­гінде Мұстафа Өзтүріктің көптеген шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұстазының әруағына тағзым етіп, егемен еліміздің мәр­те­бесін биіктетіп жүргені рас. Мұстафа Өзтү­рік: “Менің Қазақстанға келуімнің басты мақ­саты – қазақ халқының атын әлемге таныту, сіздермен жүздесіп, туған елімнің өмір тынысын сезіну. Менің бұл айтқандарым бос сөз болып көрінер, бірақ мынаны қараңыз­дар­шы. Брюс Лиді жақсы танисыздар. Тарих­тан білетін боларсыздар, бұрын жапондар Корея мен Қытайды езгіде ұстаған болатын. Міне, енді бір кезде езгіде болған Қытай халқын әлемге танытып, оның мәртебесін асырған жанның бірі Брюс Ли болатын. Әр адам өз еліне сондай қызмет жасасын. Бәріміздің де міндетіміз Отанды сүю деп білемін”, деген еді. Кеше ғана қазақ жеріне деген ыстық сағынышын, махаббатын жеткізе білген Мұстафа Өзтүріктің дүниеден өткеніне біраз жыл бо­лыпты. Еліміз өзінің ардақты да біртуар пер­зен­тін еске алып, оның атында спорттық жарыстар өткізіп, әруағына құран бағыштап жатады. Десек те өткен ғасырдың жарық жұлдызы болған ініміздің есімі көмескі тартып бара жатқандай. Қазақ халқының ғана емес, өз дәуірінің мақтанышына айналған Мұстафа Өзтүріктің қадірін білсек нұр үстіне нұр болар еді. Толыбай ШӘМЕТҰЛЫ. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Түймекент ауылы.