Адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап сезім пернелерін ұғына түседі. “Айналайын”, “Күнім”, “Ботам”, “Жаным” дегенді көп естіген баланың жаны шуақты боп өссе, кішкентайынан қатыгездікті көп көрген жеткіншек айналасына немқұрайды қарайды. Адам табиғаты осылай қалыптасады. Өзіңді қоршаған ортадан шапағатты ұғынған сайын өмірге деген іңкәрлігің, құштарлығың арта түседі. Әйтсе де... өмір болған соң қаншама жәйттерді бастан өткеретінің рас. Санаңды езгілеген сұрақтар, жаныңды ауыртқан минөттер оңай соқпасы анық. Мұндайда парасатты дүниені көрген адам ұстамды, сабырлы жүреді. Дегенмен кейбіріміздің өзінен екі есе ауыр жүк арқалағандай қиналып күй кешеріміз жасырын емес. Ондайда өмір деген осы деп жүре береміз-ау... Көп жағдайда адамның көңілі темірден жаралмағанын естен шығарып аламыз.
Иә, бүкіл дүниенің тұтқасы адамдардың сыйластығына ғана сыйып тұр десек, артық айтқандық емес. Көрші екеш көршімен жақсы болмасаң, арада береке кетеді. Оны айтасыз, бір отбасының ынтымағы болмаса ше, бүкіл шаңырақ шайқалып кетпей ме?!
Адамдарға адамдар жақындауға асығып жүрсе қандай жарасады. Айтыңдаршы, мына өмірде бір-біріңді іздеп жүргеннен, адамға қуаныш сыйлағаннан артық бақыт бар ма?! Ақ ниетті жандарға шын көңілді білдіріп, таза пейіліңді арнап жатсаң, одан артық шаттық бар ма?! Қарап отырсаң, өмірде таң қалатын, кейін аңғаратын жәйттер көп екен. “Көре көре көсем боласың” демекші, айналадағы өзіңді қоршаған жандардың ішкі психологиясына үңіле түссең, бәрі де айналып келгенде, адамдық көңілге келіп тіреледі екен.
Азаматтық намысын төмендеткісі келмеген Зұлқайырдың мына әңгімесі түрлі сұрақтарға жетелей түсері хақ.
– Өмірде әбден қиындық көріп өстім. Жастай әкеден жетім қалдық та бар тауқыметті өз басымыздан кештік. “Жағдайы қиын екен” деп өзгелер айтпасын деп намысқойлықпен жан аямай еңбек еттім. Бірде жетті, бірде жетпеді...
Темірлан мен біздің ауыл Көктөбенің арасы он бес шақырымдай. Аудан орталығындағы шаруам бітіп, кешкі автобусқа келіп отырдым. Билет құны 20 теңге. Қалтамда қалғаны да сол еді. Бір кезде ішке ауылдағы Сәттібек деген дәулетті кісінің баласы Мақұлбек бастаған екі-үш жігіт кірді.
– Ей, Зұлқайыр! 20 теңгең бар ма? – деді ол салған жерден бүкіл жұртшылықтың назарын аудара. “Жоқ” деп айта салсам, “мына бейшарада ол болушы ма еді?” — дейтіндей көрінді. Әрі оның қалтасында бар бола әдейі сұрап тұрғанын да сездім. Марқұм боп кеткен әкеме сөз келмесінші деген оймен қалтамдағы тиынды бере салдым. Сөйтіп, өзім жүргелі тұрған автобустан түсіп қалдым. Есесіне шаршап-шалдығып, әбден қалжырап түннің бір уағында үйге жаяу жеттім...
Әрине, пенде болған соң жақсыны да, жаманды да бастан өткересің. Өзіңше ой түйесің. Болған істі қорытындылайсың. Кейде түзу дегенің қисық, қисық дегенің түзу болып шығады. Бұлтарыс-қалтарыстары... өткелдері... көктемдері... күздері... іздері... көп өмір ғой бұл!
Таныдым деген адамыңның өзі ертең, тіпті басқаша болып шығады. Ал, мүлде білмейтін, бейтаныс жан бір пәсте таудай тұлғаланып кетеді. Гүлде де тікен болатынын саусағыңды қанатқанда білерсің. Сөйтесің де тағы да қым-қиғаш, бірнеше тараулы жолды өмірге таңқаласың. Өйткені, аңқаулығы, сұмдығы, айласы, шындығы басым өмір ғой бұл!
Өмірдің қарама-қайшылықтарының бірі: жақсылық пен жамандық. Кейбіріміз осы екеуін ажырата алмай азаптанамыз. Сондықтан да адам баласы қуанышы мен мұңын бөлісетін дос іздейді. “Жаман жолдастан жалғыздық артық. Жалғыздықтан жақсы жолдас артық. Жаман сөз сөйлегеннен үндемеген жақсы. Үндемегеннен жақсы сөз айтқан жақсы”. (Мұхаммед пайғамбардың хадисінен) Ізгілікті сезімің, сенімің достығыңды сақтайды. Абайша айтқанда, “Жаман дос көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың”. Осынау сөзді орыс жазушысы Лев Толстой “Қорқақ дос дұшпаннан да жаман, өйткені дұшпаннан сақтанасың, ал досқа сеніп қаласың” деп жалғастырады.
Мектепте бастауыш сыныпта оқып жүргенде ғой, “Жаман жолдас” деген әңгімені оқып, ұстазбен бірге талқылағанбыз. Бүгінде мектеп бағдарламасынан көрінбейтін осы қысқа әңгіме кездескен жәйттерге орай әр кез есіме түсіп тұрады…
Ол кезде бала қиял “жақсы” мен “жаман” дегенді ғана білетін еді ғой. Бәрі де басқа түскен шақта сыналады. Есейгеніңде қараңғылықтан күн іздейтін жағдай боларын ешкім де білмейді екен-ау. Әрине, әрбір жан өзін жаманмын демейді. Бірақ, өзіне-өзі есеп беріп, ойланатыны, толғанатыны хақ. Әйтсе де тереңіне жетіп бойламайды да. Әрбір адам өзінше бір әлем, өзінше бір дүние. Ол дүниеде бәрі де бар...
* * *
...Ақиық ақынның дәптерін оқып отырмын. Адамдық сыры мен жан күйзелісін білген сайын оның жанын ұғынғандай боласың...
“Ашығын айтқанда, өзімнің қандай адам екенімді де білмеймін... Алайда, жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ. Сірә, сондықтан шығар, Толстойдың “жауыздыққа, зорлыққа қарсыласуын” менің де қолдайтыным? Солай ма?!
Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білем. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...” (Мұқағалидің күнделігінен) 10 маусым, 1974 жыл.
... Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да... Түсінсеңдерші, мен туғаннан адаммын, адам қалпымда қалам... – дейді ақын одан әрі.
Күнделіктегі осы жазуларды оқығанда, көп жағдайда адамдық көңілдің, ықыластың жетпей жатқандығын аңғарасыз.
Өсіп келе жатқан гүлге су қандай қажет болса, адамға да көңіл сондай қажет. Бір-біріне деген ықылас болмауы салдарынан пенденің көңілі суый түседі. Әрине, қысына жетпей, күзінде, тіпті жазыңда жаурау барып тұрған азап емес пе? Сол көңілмен ғана мынау дүние ғажап емес пе, адамдар?!
Ертеде бір көгершінге қара ниетті көкек келіп, жазықсыздан-жазықсыз тап беріпті: “Бұл менің ұям, босат тезірек”, – дейді көгерген көкек. Сол кезде мұны естіген әділдік үшін жаны шырылдаған қаздар, тіпті балапандар қатыгез көкектен көгершінді әупірімдеп жүріп, арашалап алыпты. Төркіні тереңде жатқан осы әңгімені еске алған сайын адамдар туралы ойланам.
Адамдар шын мәнінде сендер қандайсыңдар? Түрі бөлек болса да тілегі, атқарар жұмысы басқа болса да жүрегі неге бір болмайды? Ауыздан шығар сөз өзге де, ішкі дүниенің толғанысы, тіпті басқаша. Көкіректеріңнің сарайы неге кең болмайды?! Іші неге маржанға, меруертке толмайды?
Адамдар ешқашан да бір-бірінің көңілін жараламаса екен деймін. Бірін-бірі ешуақытта жек көрмесе екен. Иә, өмірде асқақ адамдар, адал жүректі жандар да жоқ емес екен! Соны көрдім, соны сезіндім. Мейірім-шапағаттың арқасында мерейің тасиды екен. Аспанды бұлт басқанда, көңілге көлеңке түскенде, күн көрінбей қалғанда... адамдардың жарқын жүзін анық көрдім. Бұрын-соңды бұлай ашық көре алмаған едім. Не нәрсе болса да бетпе-бет келу оңай емес. Әйтсе де, шындықтың шырағы басым болып, жарық орнады. Көңіл экранына қарап көптеген ақниетті адамдарды байқадым, адамдық жүрегінің дүрсілін естідім.
“Ер жігіттің қадірін іс түскенде білерсің, қара етіктің қадірін қыс түскенде білерсің” деп атамыз қазақ қалай тура айтқан десеңші!
* * *
Өзіңді бағындыру оңай іс емес. Адамдық қасиетіңнің бірі – қажет кезінде өзіңді тоқтата білу. Ашуға, ызаға, өкпеге, берілмеу. Сонда қателік жібермеуге мүмкіндік туады. Өзіңнің іс-әрекетіңе көзің жету – қабілетіңді сезінгеннің белгісі. Әрине, біздегі бір кемшілік ар-намысымыздың, жүрегіміздің үніне құлақ аспаймыз.
Не істесең де, қандай қадам жасасаң да алдыңнан шығып жататынын ойламаймыз.
Ертеде бір патшалықта жасы алпысқа келген қарттарды өлімге бұйыратын салт болса керек. Қартайып, қуаты қашқан адамдардың ендігі жерде патшалыққа пайдасы жоқ деген оймен арнайы тауға апарғызып өз балаларына өлтірткізеді екен.
Күндердің күнінде бір жігіттің әкесі де алпысқа толады. Ең болмаса соңғы сапарына құрметпен апарайын деген оймен жігіт әкесін арқалап жолға шығады. Орта жолда шаршап, бір тасқа отырып демалыпты. Сөйтсе, қасында отырған әкесі мырс етіп күліп жібереді.
– Әке неге күлдіңіз? – деген баласына:
– Мен де тап сен сияқты әкемді арқалап келе жатып, осы тасқа отырып дем алып едім. Сол күннің өз басыма айнымай келгеніне күлдім, – дейді.
Бұны естіген жігіт “Апырай әкемді тірі алып қалсам, сол алдыма келіп, мен де тірі қалармын” деген оймен түн ішінде жасырын шаһарға қайта әкеліпті. Әкесін үйінде ешкімге білдірмей, сандыққа салып асырайды. Біраз уақыттан кейін патшалық жорыққа шығады, жолдан адасып қу далаға шығып кетіп, әскер шөлден қырылуға айналады.
– Балам, жұрт неге шулап кетті? – деген әкесінің сұрағына жігіт жағдайды баяндайды. Сонда шал:
– Бір топ сиырды қуалап айдап қоя берсеңдер, бәрі үймелеп бір жерге жиналады, сол тұсты қазсаңдар, сол жерден су шығады, – депті.
Әлгі ақылмен су табылып, әскер қырғыннан аман қалыпты.
– Бұл ақылды тапқан кім? – деп іздеткенде, патшаның алдына дедектетіп әлгі жігітті алып келсе керек.
– Қырық уәзіріммен қосылып мен білмегенді сен қайдан таптың? – деп сөзіне сенбей қинағанда, жігіт амалсыз шынын айтыпты. Сонда ойланып отырып қалған патша:
– Қарттар енді өлтірілмесін! – деп жарлық шығарса керек.
Әкесіне істегені жігіттің алдына келіпті. Өзі де қартайған шағында осылай тірі қалыпты.
Иә, бұл өмірде бәрі де бір-біріне байланысты. “Ар-ұятыңа қарай жаза немесе сыйлық аласың! Өлшеміне қарай үлес аласың” деген сөзді бүгін күнделігіме жазып қойдым.
* * *
Кейде ойланамын... кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсің бұл өмірге? Жақсы да, жаман да, дана да, батыр да... бәрі-бәрі тұрақты орын ала алмаған бұл жалғаннан. Тұрлаусыз өмір дейтіні де сондықтан шығар, бәлкім. “Өмірден пәленше өтті” дегенде немесе қабір басына барғанымызда ғана бұл өмірге келген мейман екенімізді еске түсіреміз. Біреулерді жоқтап жылап тұрғанда, күнде көріп жүрген адамыңның о дүниелік болып кеткенін білгенде өмірдің жалған екенін ұғынамыз. “Біз де сіздей болғанбыз. Сіз де біздей боларсыз” деген қабір басындағы жазуды оқығанда ғана “ойпырмай, неге мынау дүниеде мәңгілік жан құсап, тасыраңдап жүреміз?!” деп өзімізге-өзіміз сұрақ қоямыз. Әйтсе де, көбіміз іле-шала осының бәрін естен шығарып алатынымыз жасырын емес, ағайын.
– Мәңгі бақи ата бермес таң күліп,
Мәнін ойла бұл өмірдің, әңгүдік
Үйің сенің он болса да – уақытша,
Молаң біреу болғанменен – мәңгілік, – дейді мұндайда Қадыр ақын.
Адамдар әрқилы. Мынау жалған дүниеде әке өліміне барып бір уыс топырақ салуға да жарамаған шіріктер бар екені де кездесіп жатады. Сәл бір биіктікке жетсе өткенін ұмытып кететіндер де бар. Бір күнін ғана ойлайтын бейшаралар да табылады екен, бұл өмірден. Әлдебіреу байлығына мастанып, өзгені көзге ілмеуге тырысады. Бәрін сатып алуға болатынын дәлелдейтіндер де бар. Бірақ ештеңеге сатылмайтын адал көңілдің де бар екені мерейіңді өсіреді, өмірге деген құштарлығыңды арттырады.
Жерлесім Бөріхан Тәменнің өмір шындығын айтқан мына әңгімесі де естен кетпейді.
Арыс өзенінің бір саласын белуардан кешіп өткен үш бала кішкене аралдан отын теріп, әрі ойын қызығына беріліп кеткен. Кешегі тауға жауған жаңбырдан кейін өзеннің көтеріліп жатқанын байқамайды. Бір кезде гүрілдеген тасқынның үнінен балалардың зәресі ұшып “құтқарыңдар!” деп шыңғырады. Жағада жиналған жұртта жәрдем беруге дәрмен жоқ. Әсіресе аналарының ащы зарына адамның шыдауы мүмкін емес. Жұрттың көз алдында үш бала ажал аузына кетіп барады… Жан тәтті. Ешкімнің батылы барар емес.
Бір кезде алыстан атпен жеткен Құрманбек көкпаршы жағдайды түсініп, ойланбай суға қойып кетті. Бар қауіп-қатерге қарамай, өзі де өліммен арпалысып жүрген Құрманбекті біреулер құптаса, біреулер ақымаққа балап тұрды. Не керек, алдымен екі баланы әупірімдеп құтқарған Құрманбек екінші рет “нартәуекел” деп көк айғырымен қайтадан суға үшінші балаға ұмтылды. Шынында жанкештілік еді. Аралдағы балаға сәт сайын су жақындап келеді. Арал су түбіне батып барады.
Құрманбек те жетті-ау! Қолынан көтере тартып, баланы артына мінгестіріп алды. Жаны көзіне көрініп қатты қиналған көк қасқаның басы асау толқынға бір батып, бір шығады. Қатты қиналған жануар бір кезде кісіне шыңғырып қоя берді. Асау ағыспен арпалыса бір батып, бір шығып бара жатқандардың тілеуін тілеп халық тұр! Әупірімдеп әйтеуір жағаға да аман-есен жетті-ау! Сталиндік репрессиямен Қазақстанға көшіп келген қарашай отбасының ағайынды үш баласын – Жүсіп, Сүлеймен және Маханбет Евзеевтерді осылай қазақ Құрманбек құтқарып алды. Зорыққан көкқасқа басын көтере алмай жатты. Иесіне адалдығын дәлелдеді. Енді оның ешқандай бәйгеге, аламан көкпарға қатыса алмайтынын Құрманбек те сезді. Жаңағы үш баланың ағайындары рахмет айтып, жік-жапар болғанда Құрманбек “Бұл елдік, ізгілік парызымыз ғой”, – деді. Міне, нағыз адамдық көңіл!
Кейін елдеріне көшіп кеткен сол қарашай ағайындар әліге дейін қазақтардың жақсылығын ұмытпапты. Сонау Қапқазда бір қазақты көрсе, үйіне шақырып, дәм беруге асығады екен. Қазақстаннан барған қарашайлардың отбасында дүниеге келген ұл балаларға қарапайымдылығымен, адамдық көңілімен қазағымның мерейін көтерген Құрманбек ағаның есімі қойылыпты.
* * *
Адамдық көңіл...
Дүниенің төрт бұрышында да пенделер осы бір ниетпен, сезіммен өмір сүреді. Адамдар арасында мейірім, сыйластық достық бар десек, бәрі де осы бір ауыз сөзге тіреліп жататындығы анық. Сондықтан да айналадағы жандарға кейде көңіл қымбат екенін жеткізгің келеді.
– Бұл фәниде қашанда-ай өмір қымбат,
Өмір қымбат - адамдық сенім қымбат.
Байлығың да, дүние, бәрінен де,
Көңіл қымбат, көңіл қымбат... – дегің келеді.
Әкім ЫСҚАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.