АСТАНА. 25 наурыз. Үй жануарларын емдейтін Нью-Йорк қаласының солтүстігіндегі Woodstock Farm Animal Sanctuary атты құрылымда алдыңғы екі аяғын баса алмайтын сиырға протез салынды. Бұл туралы vesti.ru хабарлады.
Қазіргі таңда әлгі жасанды аяқты сиыр туралы түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы жаһанға жайылып кетті. Бұл көрсетілімді қызыға тамашалағандардың есебі жоқ. Тың «туындыны» YouTube желісіне Woodstock Farm Animal Sanctuary мекемесі орналастырыпты.
Сиыр алғашқыда жасанды аяқпен кібіртіктеп жүре алмайды. Дегенмен, сапалы әрі ыңғайлы жасалған протезге жануар үйреніп қалған. Оған жасанды аяқты күніне 2 сағат кигізеді екен.
Фаун деп аталатын бұл сиыр енесінен туған сәттен алдыңғы екі аяғын баса алмапты.
Енді міне, жануарларды қорғаушылар оған төрт аяқтап жүруге мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, жүріп-тұру мүмкіндігі жоқ немесе оқыстан қиындыққа тап болған жануарларға адамдардың көңіл аударып, көмек қолын созуы көп кездеседі. Адамзат мейірімінің нәтижесінде тіршілігін қалыпты күйде жалғастырған мақұлықтар туралы мысалдар көп. Мәселен, Таиландта минаға түсіп қалып, аяғынан айырылған аналық пілге мал дәрігерлері протез жасап берген. Содан, әлгі піл жасанды аяқты жатырқамастан, оған тез үйреніп, кәдімгідей жүріп кеткен көрінеді.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: vesti.ru.
https://youtu.be/LsGtMqVk8Xs