Жақында әлеуметтік желілерде Қытай елінде білім алып жүрген қазақ қыздарының көбісінің ішімдікке құмар екені, араққа сылқия тойып алып, жатақханаларда жын-ойнақ жасайтыны туралы ақпараттар елді дүр сілкіндірген-ді. Абырой болғанда артынша олардың жалған екені, әлдекімдердің қысастықпен жария етіп жібергені мәлім болды. Әйтсе де, соңғы жылдары әйелдердің алкогольді ішімдікке құмартып бара жатқаны тосын жаңалық болмай қалды. «Ауруын жасырған өледі» деген. Отбасының берекесі болуы тиіс аналардың араққа салынып кетуінің себебі неде?
– Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 8620 адам тіркелген болса, оның 1011-і әйелдер, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері Жақып Жексембиев. – Шынын айту керек, күнделікті өмірде әйелдердің маскүнемдігі жайында көпшілік жақсы біле бермейді. Мәселен, ащы сумен дос болған әйелдердің саны ерлерге қарағанда, әлдеқайда аз дейді. Бірақ бұл – қате. Шындығында, ерлердің ішімдікке салынуы бірден көзге түсіп қалады. Ал әйелдер болса мұндай жаман әдеттен ұялады, көп ретте ондай қылықтарын жасырып жүреді. Әсіресе, ет жақындарына білдірмеуге тырысады. Біздің диспансерде емделіп жүрген әйелдердің бірі жұмыс сатысы бойынша алға басудың орнына бос уақытын бала тәрбиелеуге арнайды. Былайша қарасаңыз, ешқандай сөкеттік жоқ. Әйтсе де, қырық жасқа аяқ басқан кезде ерлі-зайыптылар арасындағы арақатынас өзгерген. Жұбайлардың ортақ әңгімесі азайып, бір-біріне деген қызығушылықтары жоғалады. Мұндай көріністердің соңы көбіне шаңырақтың шайқалуына әкеліп соғады.
– Біздің түсінігімізде әйелдің араққа салынуына негізінен тұрмыстың төмендігі, күнкөрістің қиындығы себеп болатын сияқты еді...
– Әрине, әйел күйзеліске ұшыраған кезде ішіп кетуі мүмкін. Бірақ, қазір мұндайлардың қатарында дәулетті отбасылардың әйелдері де бар. Оларда бәрі бар. Күйеу, бала, үй, байлық. Бірақ күйеуі тек өз жұмысымен ғана айналысады, балалары мектепте немесе балабақшада. Көрдіңіз бе, әйел тағы да жалғыз қалды. Отбасы, жұмысы бар, бірақ, өмірден ләззат алмайды. Осыдан кейін алдымен қымбат ішімдік ішіп, кейіннен есірткі пайдалануға бейімделіп кеткен әйелдер де жетерлік. Тіпті, ұйықтау үшін немесе ашуын басып, өзін тыныштандыру үшін жиі-жиі ащы судан ұрттап, алты ай немесе бір жылдай уақыт өткенде сол «дәрісінен» бас тарта алмайтын жағдайға жеткендер де бар. Өкінішке қарай, біздің қоғамда әлі де саламатты өмір салтын ұстанып, бассейнге, фитнес-орталыққа бару деген жүзеге аспай отыр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.