• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2015

Ағайындар арасы жақындай түсті

302 рет
көрсетілді

*Оқиғаға орайлас ой Енді бізге «Дордой» сияқты үлкен базар керек  Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына байланысты осы елдің Қазақстанмен арадағы кедендік шекаралары ашылмақ. Көршілес халықтардың қарым-қатынастарын жақсартуға елеулі септігін тигізетін осынау маңызды шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Төменде осы оқиғаға байланысты Қырғыз елімен шекаралас Қазақстанның Жамбыл облысының бірқатар тұрғындарының пікірлерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Еліміздің дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы отандық кәсіпкерлердің алдына үлкен міндет­тер қойып отыр. Біріншіден, кез келген мемлекеттің аталған ұйымға өте алмайтыны жауапкершілікті арттыра түссе, екіншіден, экономикалық үдерістің баяулап қалмауы үшін бәсекелестікті күшейту деген мәселе туындауда. Сауда ұйымына қосылуымыздың артықшылығы да бар. Қазірден қам-қарекет жасап, қамданатын мәселелер де жоқ емес. Солардың ішінде ең маңыздысы – отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі. Сапалы өнім қашанда сұранысқа ие болатыны белгілі. Және экологиялық жағынан алғанда, таза, қоспасы аз табиғи тағам өнімдерінің бәсі жоғары тұратыны аян. Сондықтан, өнім өндірушілер осыған баса мән беруі керек. Осы аптада Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне байланысты екі ел арасындағы кеден бекеттері ашылып, бұл Қазақстанмен арадағы тауар айналымының ондаған есеге артуына септігін тигізіп отыр. Меніңше, сауда-саттық деңгейін көтерудің тағы бір жолы – ірі қалаларда және облыс орталықтарында көтерме бағамен тауар ұсынатын базар салу. Жасыратыны жоқ, бүгінде Тараздағы көптеген сауда орындарында, қалаберді бірқатар аудандардың базарларында сатылымға шығарылып жатқан тауарлар көрші қырғыз елінің астанасы – Бішкек қаласындағы «Дордой» базарынан көтерме бағамен сатып алынған. Оның ішінде экспорттық және Қырғызстанда жасалған өнімдер де бар. Бағасы сапасына қарай. Десе де, көтерме бағамен алатын болғандықтан, саудагерлерге «Дордойдан» тасыған тиімді. Бізге де сондай базар керек. Сонда ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер Бішкекке сабылмай, керегін тиімді бағамен Тараздан-ақ сатып алып, айналымға шығара беретін болады. Рас, қырғыз ағайын Дүниежүзілік сауда ұйымына бізден бұрын мүше болды. Сондықтан, сауда-саттықта жи­наған тәжірибесі едәуір. Бішкек қа­ласы көлемі жағынан шағындау болға­нымен, онда бірнеше үлкен базар бар. Сол ірі сауда нысандарындағы сату­шылардың көбі тауарды «Дор­дой­дан» алады. Көтерме бағамен са­тып алып, үстіне үстеме қосып, сау­­да­лауда. Соның өзінен-ақ табыс тауып, нәпа­қасын айыруда. Бастысы – салық­қа төленетін тиын өз елдерінде қалуда. Сауда саясатында бәсекелестік алда жүреді. Тауар айналымында ірі, ұсақ деген дүние болмайды. Ма­ңыз­дысы – өнімнің сұранысқа ие бо­луы. Бағаның қолжетімділігі де үлкен рөл атқарады. Желілік саудаға көш­кен ірі супермаркеттер мұны жақсы біледі. Сол үшін екі-үш ай ара­латып, жеңілдіктер акциясын ұйымдастырып отырады. «Қымбат тауар алсаң, екіншісін жеңілдікпен сатып ала аласың» деген жарнаманың сатып алушының санасына қалай әсер ететінін аңғарғандықтан да солай істейді. Бұл жерде тұтынушы да, сатушы да ұтылмайды. Мұны уақыттың өзі дәлелдеген. Сондықтан, Таразда «Дордой» секілді базар ашылса, оның тұтынушылары көп болатыны анық. Сырым НҰРТАЙ, Жамбыл облысының тұрғыны, байланыс саласының ардагері. Жамбыл облысы.

Қазақ пен қырғыз бір туған

Шынында ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші қырғыз елімен алыс-беріс, барыс-келіс жылдан-жылға дамып келеді. Екі ел арасындағы 716 шақырым шекара сызығында 7 кедендік бақылау пункті орналасқан. Кедендік құрылымдардың берген статистикалық мәліметтеріне қарағанда, Жамбыл облысының Қырғызстанмен тауар айналымы 2015 жылдың қаңтар-маусымын­да 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға артып, 117,9 млн. АҚШ долларын құраған немесе жалпы тауар айналымының 53,7 пайызы, оның ішінде экспорт – 58,7 млн. АҚШ долларын (жалпы экспорттың 67,9 пайызы), импорт 59,2 млн. АҚШ долларын құраған (жалпы импорттың 44,5 пайызы). Жалпы алғанда, қырғыз елінде өндірілетін электр энергиясының 90 пайызға жуығы Қазақстанға экспортталады. Сондай-ақ, айыр қалпақты ағайындар экспорттайтын сүт өнімдерінің шамамен 60-70 пайызы да біздің нарыққа жөнелтіледі. Ал, Қазақстан тарапынан астық және астық өнімдерінің шамамен 100 пайызы Қырғызстанға жеткізіледі. Осы ел сырттан алатын көмірдің 70-80 пайызы да Қазақстаннан келеді. Яғни, өзара сауда-саттық дұрыс жолға қойылған. Ресми мәліметтерге қарасақ, бүгінде Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен – 272, ал Қазақстанда қыр­ғызстандық капиталдың қатысуымен 125 кәсіпорын жұмыс істеуде екен. Енді, міне, шекарасыз, тауарлардың, қызмет пен жұмыс күшінің еркін айналымында экономикалық ынтымақтастық деңгейі әлдеқайда жоғарылай түседі. Қазақстан мен Қырғызстан сауда нарықтарының есігін аша отырып, ел экономикасын дамытуға мол мүмкіндік жасап отыр. Қазірдің өзінде Қырғызстанға Қа­зақстаннан құйылған инвестиция­ның ауқымы атап өтерлік, енді, Еуразия­лық экономикалық одақтың арқасында бұл көлем бірнеше есеге өсетін болады. Бұл, сөз жоқ, екі елдің, оның ішінде, көршілес жатқан Жамбыл облысының дамуына тың серпін беретіні анық. Бүгінде Қырғыз Республикасына бидай, арпа, тұқым, гипс, әктастық флюс, ұсақ тас, қиыршық тас, шағал, портландцемент, көмір, минералды тыңайтқыштар, мүйізді ірі қара терісі экспортталса, Қырғыз Республикасынан сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс, шырын, балмұздақ, құрылыс материалдары, киім, аяқ киім, өңделген тас, шыны, темір бұйымдары, жылыту қазандығы және жиһаз импортталуда. Сондай-ақ, аймақта Қырғыз Республикасының еңбек мигранттарының жұмыс істеуіне де жағдай жасалған. Көші-қон мәселесіне келсек, бү­гінгі күні Жамбыл облысында Қыр­ғызстаннан келген жалпы 7579 адам тұрғылықты тіркелген. Олардың 5000-нан астамы облыс орталығында сауда-саттықпен айна­лысуда. Көші-қон полициясының де­регі бойынша, Қордай және Меркі аудан­дарындағы бекеттер арқылы күн­делікті 30 мыңнан астам адам әрі-бері өтеді. 2011 жылғы 20 маусымда Біш­кек қаласында Қазақстан халқы Ассам­б­леясы мен Қырғызстан халқы Ассамб­леясы арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойылды. Осы келісімдердің нәтижесінде өткен жылы «Достықта жоқ шекара» атты шекаралас ынтымақтастық фестивалі аясында Қырғыз Республикасынан 54 адамнан құралған делегация келді. Бұл кездесулер екі елдің өнер ұжымдарының қатысуымен ұйымдастырылған үлкен фестивальмен аяқталды. Бұл жұмыстар жалғасын тапты. Жамбыл облысы Ассамблеясының делегация­сы көршілес Талас облысының 70 жылдығына орайластырылған іс-шараларына қатысып қайтты. Шынында, елдің тыныштығы, ынтымағы, бірлігі отбасының берекесінен басталса керек. Бүгінде Жамбыл облысында 25 облыстық, 47 аудандық этномәдени бірлестік 80-нен астам этностың басын біріктіріп отыр. «Ынтымақ барда ырыздық бар» деген, барлығы Әулиеата жерінде ұрпақ өрбітіп, тату-тәтті тіршілік көшін жалғастыруда. Екі ел арасындағы барыс-келістің, алыс-берістің жаңа бір белеске көтерілуі өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің қанатын жайып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыра түсетіні анық. Бұдан басқа да пайдалы істер мен игіліктердің халық үшін көп болатынына күмән жоқ. Әділбек ӘЛІШЕВ, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департамен­тінің басқарма басшысы. Жамбыл облысы.

Сапалы өнім қашанда сұранысқа ие

Мен Қырғыз Республикасында туып-өстім. Бүгінде Қазақстанда тұрақтап, осында ел игілігі үшін еңбек етіп жатырмын. Тал-терегі жайқалған Тараз қаласында біраз жыл тұрдым. Сөйтіп, өзіме ыңғайлы кәсіппен айналысуға бел байладым. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының кәсіпкерлікке бет бұрып, несие алып, жұмысымды жандандыра түсуіме көп көмегі тиді. Осының арқасында Жуалы аудан орталығынан «Калий» жеке кәсіпкерлігін ашып, Жұмыспен қамту орталығынан бір миллион алты жүз мың теңге несие алдым. Міне, бұл істі кәсіп еткеніме де он жылдың жүзі болып қалыпты. Қазір аяқ киімді жөндеумен қатар, ер және әйел аяқ киімдерінің ондаған түрін тігіп, саудаға шығарып жүрміз. Сапасында мін жоқ. Ал, сапалы өнім қашанда сұранысқа ие. Ең бастысы, жастарды осы кәсіпке баулыдым. Ендеше, осы істі бас­тауыма қолдау көрсеткен облыс, аудан басшыларына, Жұмыспен қамту орталығына ай­тар алғысым шексіз. Қазақстан – көп­ұлт­ты мемлекет. Осындағы барлық ұлт пен ұлыс­тың бірлігін ұйытып отыр­ған Елба­сымыз, сара саясаткер ­Нұр­­сұлтан Назар­баевтың қолдауын біз қайда жүрсек те сезінудеміз. Бізді бөле жарма­­ғаны үшін қазақ бауырларыма, Елба­сына шын жүректен алғыс айта­мын. Өзімнің екінші Отаныма айналған қазақ елінің көркеюіне үлесімді қолым­нан келгенше қоса бермекпін. Енді, міне, Қырғызстанның Еуразиялық экономи­калық одаққа кіруіне байланысты екі ел арасындағы шекара ашылып жатыр. Ше­карасыз, тауарлардың, қызмет пен жұ­мыс күшінің еркін айналымында ­эко­номикалық ынтымақтастық дең­гейі әл­­де­қайда жоғарылай түсетініне сенімім мол. Бүгінгі таңда қоғамның ең әлсіз тобы – жетімдер мен мүмкіндігі шек­теулі азаматтар. Менің осы кәсіпті ашқандағы мақсатымның өзі осы топтағы азаматтарды жұмыспен қамту болатын. Жасыратыны жоқ, көп кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды маңына жолатпайды. Біздің кәсіпорындағы жұмысшылар екі бірдей мүмкіндігі шектеулі жас жігітті қасына алып, аяқ киім жөндеу мен тігуді үйретіп жатыр. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аяғының кемістігі бар адамдарға арналған аяқ киімдер де тігіледі. Ол тапсырыс беруші азаматтың қалауына қарай орындалады. Сондай-ақ, малшыларға, көкпаршыларға арнап тігілген қонышты етіктер мен күнделікті тұрмысқа арналған аяқ киімдер сәнімен көз тартады. Етік тігуге сиыр терісінен жасалған және басқа да сапалы қайыстар пайдаланылады. Шеберханамда Мұхамед Әбибул­­лаұлы мен Берік Алимжанов жұмыс істеп, ұстазынан аяқ киім тігудің қыр-сырын үйренуде. Олар өздерінің жұмыс істеп, қоғамға пайдасын тигізіп жатқандарына қуанышты. Осы кәсіпті үйретіп жүрген ұстаздарына деген алғыстары да шексіз. Енді, кәсіпкерлігімді кеңейтіп, жұмыс­шы санын екі есеге арттыруды көздеп отырмын. Осы арадан тігін шеберханасын салу да ойда бар. Оның бәрі болашақтың ісі. Тағы 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ға көрме дайындасам деген жоспарым бар. Қиялымда тұрған туындыны іс жүзінде дүниеге әкелсем, соны көрмеге қойсам, бұл менің ұсталық өнердегі жеңісім болмақ. Мен сол үшін еңбек етіп, кәсіпкерлігімді жандандыра түсетін боламын. Рахиш ЧАРҒЫНОВ, «Калий» жеке кәсіпкерлігінің иесі. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы.
Соңғы жаңалықтар