Телефоныңызды қуаттауды ұмытып кетсеңіз, енді спортпен шұғылдануға тура келеді. Көкшетаудың саябақтары мен Бурабай, Зеренді курортты аймақтарына энергия өндіретін, яғни телефон қуаттайтын велотренажерлар қойылмақ. Бұл жобаны Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті бір жыл ішінде жасап шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Салтанат Айтбекова Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 4 курс студенті. Ол бір жыл бұрын «Энергия өндіретін спорттық велотренажер» тақырыбында ғылыми еңбегін бастаған болатын. Бүгінгі күні жұмысын толық жүзеге асырды.
«Телефонға бір минуттың ішінде 1 пайыз қуат бере алады. Бұл құрылғы Бурабай баурайында, облыс орталығының қоғамдық орындарында орналастырылады. Қазіргі кездің өзінде сұранысқа ие құрылғыға электр энергиясының қажеттілігі жоқ. Адамның ынтасы мен қуаты керек», дейді Салтанат Айтбекова.
Астаналық студенттер өкпе обырын ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты
Халықаралық ғылыми жобалар байқауында Түркия мен Ресейден келген ғалымдар Салтанаттың жобасына жоғары баға берді. Бұл қолдау жас зерттеушіні одан әрі қанаттандыра түсті. Қазір университет тарапынан қаржылай қолдауға ие болған ол әлеуметтік-техникалық конкурсқа дайындық үстінде.
«Салтанат бұл жобаны өз қолымен жасады. Осыған ұқсас велотренажер кейбір басқа да дамыған мемлекеттерде бар. Бірақ олардың бағасы қымбат. 1,5 млн-нан 3 млн аралығында. Ал, Салтанат 500 мың теңге қаражатқа жасады. Мен жетекшісі ретінде қандай ғылыми құбылыстар арқылы жұмыс істеу керек екендігі туралы бағыт-бағдар бердім», дейді профессор Нұргүл Найзабекқызы.
Қазіргі таңда көптеген адамның дене белсенділігі төмен. Жоба авторлары қозғалысты тиімді реттеу арқылы экологиялық таза энергия көзін өндіруге болатынын дәлелдеп отыр.
Астанада мектеп оқушысы «Ақылды шлагбаум» ойлап тапты
Көкшетау