Әзербайжанның Орталық банкі 21 ақпан күні манаттың долларға қатысты ресми бағамын 20 ақпандағы 1 долларға 0,7862 манаттың орнына 1 долларға 1,05 манат деңгейінде белгіледі деп атап көрсетілген Орталық банктің хабарында.
Осылайша, манат 33,5 пайызға құнсызданды.
«Бұл шешім Әзербайжан экономикасын әртараптандыруды ынталандыру, экономиканың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін күшейту, төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды», делінген хабарламада.
Бұған дейін ӘОБ-нің басқарма төрағасы Эльман Рустамов The Financial Times басылымына берген сұхбатында Орталық банк манат бағамын долларға таңып қоюдан бас тартады және біртіндеп неғұрлым икемді баға саясатына көшеді, деп атап көрсеткен болатын. Сонымен бірге, ол валютаның кез келген әлсізденуі біртіндеп жүзеге асатынын, ОБ-нің халық мүдделерін назарда ұстайтынын айтқан.
Қазіргі уақытта Әзербайжанның стратегиялық валюта резерві ІЖӨ-нің шамамен 70 пайызын құрайтынын және айналымдағы қолма-қол манат базасы көлемінің 2,5 есе артық екенін мәлімдеген. Сонымен бірге, ол манаттың қаншалықты қатты құнсыздануы мүмкін екенін нақтылаған жоқ.
«Егемен-ақпарат».
сурет: http://today.kz/