Еліміздегі этносаралық қатынастар жайы мен оны құқықтық реттеудің жолдары кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты Әділет министрлігі, Заңнама институты және Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығымен бірлесіп өткізген «Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар саласын құқықтық реттеу: жай-күйі және даму мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында талқыға түсті.
Аталаған шарада этносаралық және дінаралық қатынастар саласындағы заңнамаларды жетілдірудің жайы мен алдағы міндеттерді айқындауға қатысты мәселелер жан-жақты қаралды. Қазақстанда этномәдени әртүрлілікті сақтау және жаңғырту жөніндегі теңгерімді мемлекеттік саясат жүргізіліп келеді. Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, елімізде барлық ұлт өкілдерінің қажеттіліктерін қанағаттандырарлық жағдай жасалған және этносаралық қатынастар үйлесімділігі сақталған. Ол бірнеше рет халықаралық ұйымдар, соның ішінде, ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі комиссары тарапынан ерекше аталған.
Басқа ұлт өкілдерінің азаматтық, саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени құқықтарының сақталуы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және өзге елдерге үлгі де бола алады. Сондықтан да соңғы үш жылда шетелдiк сарапшы топтар, әртүрлi елдердiң ғалымдары мен дипломаттары этносаралық келiсiмдi қалыптастырудағы Қазақстанның тәжiрибесiн үйрену үшiн ҚХА Хатшылығына 60-тан аса өтiнiш жiберген. «Мемлекет басшысы негiзiн қалап берген этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келiсiмнiң қазақстандық үлгiсi брендке айналды. Бұл бренд елiмiзде ғана емес, шетелдерде де кең таныла бастады. Соңғы үш жылдың өзiнде ғана Ассамблеяның хатшылығына осы қоғамдық келiсiмдi нығайтудағы Қазақстанның тәжiрибесiн үйрену үшiн шетелдiк сарапшы топтардан, шетел парламенттерiнен, әртүрлi елдердiң ғалымдары мен дипломаттарынан 60 өтiнiш түскен», – дедi Зәуреш Баймолдина.
ҚХА халықаралық ШЫҰ, ЕАЭО, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты бiр iзге салу жөнiнде тиiстi шараларды жетiлдiре түсуi керек. «Осы жылдың сәуiрiнде өткен ҚХА-ның ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы осы ынтымақтастық мәселесiне ерекше тоқталды. Елбасы тапсырғандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серiктестерiмiзбен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету жөнiндегi жұмыстарды бiр iзге салуы керек», – дедi З.Баймолдина әрі қарай. Оның мәліметіне қарағанда, Әдiлет министрлiгi елiмiздегi заң жобалау жұмыстарының үйлестiрушiсi болғандықтан, «100 нақты қадам» Ұлттық жобасын жүзеге асыруға қажеттi заңнамалардың қабылдануы саласында желiлiк кесте құрған. Қазiргi таңда тамыз айының соңында Парламент қарауына енгiзiлетiн 52 заң жобасы бар, «100 нақты қадамды» жүзеге асыруға қатысты тағы 11 заң жобасы 2016-2017 жылдары әзiрленетін болады.
Бұдан кейін сөз алған Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи еліміз Конституциясы әрбір азаматтың құқығын ескерген, теңдік пен әділдікті ту еткен, міндет пен жауапкершілікті қатар жүктеген заңнамалық құжат екендігіне назар аудартты. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Конституцияға негізделген заңдық кепілдіктің негізінде баршаға біртұтас ұлт қалыптастыру мәселесін көтергендігін де ортаға салды. Сондықтан да бес институттық реформаның басты мақсаты – болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру.
«Мәңгілік Ел» болу Қазақ елінің ең асыл мұраты десек, оған бізді бастайтын бірден бір жол – бірлік. Тәуелсіздіктің тұғыры да, келешектің кепілі де бірлік. Сондықтан да бағдарламаның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді әрі қарай нығайтуға бағытталған алты нақты қадамды қамтитын жеті мемлекеттік орган жұмылдырылған отыз үш нақты жобаны іске асыру жоспарланған төртінші бағыты бір тектілік пен бірлік деп аталды деп атап өтті Нәзипа Ыдырысқызы. – Осы бағыт бойынша атқарылатын іс-шаралардың негізгі іске асырушы тетігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы белгіленіп отыр».
Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына қысқаша тоқтала келіп, қоғамдық-саяси мәртебеге ие болған аталған құрылымның Конституциялық органға дейін өскендігін зор ілтипатпен жеткізді. «Ассамблеяның негізгі мақсаты – этносаралық келісімді қамтамасыз ету, – дей келіп депутат, – ал міндеті – қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін жағдай жасау. «Ел бірлігін нығайту қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған», – деді ол.
Этносаралық және дінаралық қатынастар саласындағы халықаралық стандарттар мен шетелдік тәжірибе жөнінде сөз қозғаған Орталық сайлау комиссияның мүшесі, профессор Марат Сәрсембаев бірқатар халықаралық стандарттарды атап берді. Бұл ретте ол Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 22-ші бабында «әрбір мемлекет аз ұлттың өз мәдениетін, дінін және ана тілін қолдануына еш кедергі келтірместен, барлық жағдайды жасауы тиіс», деп көрсетілген ережесі елімізде қолдау тауып отырғандығы туралы ойымен бөлісті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша еліміздегі этносаралық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыным әзірленді. Онда қазақстандық біртұтастықты нығайту, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, қазақстандық патриотизмді дамыту, бес институттық реформа төңірегіне жұмылдыру сияқты ғылыми негізделген ұсыныстар көрініс тауып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».