Еліміз «FIFA Series 2026» доп додасын өткізу құқығына ие болғаны белгілі. Кеше сол жарыстың кестесі жарияланды. Жерлестеріміз тұсаукесер кездесуін 25 наурызда Комор аралдарына қарсы ойнайды. Сол күні Кувейт пен Намибия күш сынасады. Араға үш тәулік салып алғашқы матчта жеңілген командалар кездессе, жеңіске жеткендері өзара шеберлік байқасады. Бәсекелер «Астана Аренада» өтеді.
Мальдив аралдарының астанасы – Маледе волейболдан әйелдер арасында Орталық Азияның Чемпиондар лигасы басталды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыста былтыр еліміздің кубогін олжалаған Алматының «Тұраны» бақ сынайды. Олар «А» тобына түсті. Қарсыластары – жергілікті «Вамко» мен Шри-Ланканың «Хирдараманиі». В тобында Иранның «Вулад», Өзбекстанның «Хумо», Непалдың «Непал Полис», Мальдивтің «Хура Комьюнити» клубтары шеберлік байқасады. Жарыстың жеңімпазы сәуір айының соңында Оңтүстік Кореяның Коян қаласында тұсауы кесілетін AVC Чемпиондар лигасында күш сынасу құрметіне ие болады.
8 ақпанда аралас жекпе-жектен Лас-Вегастағы UFC Fight Night 266 турнирінде Николай Веретенников (13-7) бразилиялық Жозе Энрике Соузамен (8-1) сайысқа түсуге тиіс еді. Алайда қарсыласы виза мәселесін дер кезінде шеше алмады. Сол себепті ол жарыстан шеттетілді. Енді жерлесіміз АҚШ файтері Нико Прайспен (16-9) айқасады.
Алматыда спорттық гимнастикадан ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаты мәреге жетті. Жарыста Ілияс Әзізов еркін жаттығу мен шығыршықта топ жарса, Роман Хегай қоссырық пен көпсайыста дара шықты. Ат жаттығуында Нариман Құрбановқа, қолды тіреп секіруде Алтынхан Темірбекке, кермеде Милад Каримиге тең келер ешкім табылмады.
Еркін күрестен еліміздің ерлер құрамасын (U23) енді 40 жастағы Еркебұлан Кешубаев жаттықтырады. Өз ісінің білгір маманы Алматыдағы Шаңырақ шағын ауданында орналасқан спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта еңбек еткен жылдары бір шоғыр мықты балуандарды тәрбиеледі. Солардың бірегейі – елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан. Ал жастар құрамасының (U23) тізгінін 36 жастағы Дәулет Ниязбеков ұстады. Сыр бойының саңлағы әлем чемпионатында бір күміс, бір қола медаль иеленіп, Азия чемпионатында үш алтын, төрт қоланы олжалады. Сондай-ақ Лондон, Токио Олимпиадаларына қатысып, екі жарыста да бесінші орынға табан тіреді.