• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:10

Сағадағы сатира кеші

20 рет
көрсетілді

Қызбел өңіріндегі Саға ауылында семсер тілді қаламгер, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметұлын еске алуға арналған «Дәстүр мен даналықтың дара тұлғасы» атты тағылымды кеш өтті.

Кеш барысында Нұрхан Ахметбеков атындағы мәде­ниет үйінің жанындағы «Мірдің оғы» әзіл-сықақ отауы­ның өнер­паздары Сейіт Кенже­ахмет­ұлының интермедияларын сахналады. Ал сатира сардары ұрпақтарының атынан Светлана Сейітқызы әке жайында толғана сөйлеп, көңіл елжіретер сағынышты естеліктер айтты.

Іс-шара аясында «Сан өнер­дің сарбазы» атты көрме ашылып, көпшілік қаламгердің көзі тірісінде өзі тұтынған кез­дігін, қағаз кесетін пышағын, радиоқабылдағышын, оюлы кесесін, көргенде көзге оттай басылатын ақ қалпағын, домбырасын, өзге де жеке дүниелерін тамашалады.

«Сейіт Кенжеахметұлы – тек сатирик жазушы, этнограф ғалым ғана емес, кешегі өзі кө­зін көрген Нұрхан, Ахмет­хан­дардың жолын жалғап, айтысқа да қатысқан суырып салма ақын. Мысалы, 1967 жылы Қостанай қаласының атынан айтысқа шығып, Рудный қаласының ақыны Назиқа Ерғалиевамен сөз қағыстырған. Сейіт аға өзі­нің халқын, оның әдет-ғұрпын, дәстүрін, мәдениетін сүйді. Қаламгер «Торғай таңы» газе­тінде қызмет етіп жүргенде сол кездегі партияның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырып алып: «Сен сатираны жаза бересің ғой, бірақ мына қазақтың ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрін кім жинайды? Осы шаруаны қолға алсаң, қайтеді?», деген ұсыныс айтады. Осылай­ша, Сейіт ағамыз жылдар бойы талмай ізденіп, ұлтымыздың салт-санасы, дәстүр-мәдениеті туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш томдық кітап шы­ғарып кетті», дейді Арқа­лықтағы Дала өлкесі тарихы музейі директорының орынбасары Батырлан Сағынтаев.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар