Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халық табысының өсуін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмейтіні атап өтілді. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен 31 пайызды құрап отыр, бұл – Орталық Азия үшін жоғары көрсеткіш. Бірақ біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткіш – 40 пайызға және одан жоғары деңгейге жету.
Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 34%-ға дейін төмендейді
«Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр. Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған», деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы халықтың нақты табысының өсуі болып саналады. Бұған жаңа өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар кешені ықпал ететін болады.
Сонымен қатар цифрландыру мәселелеріне назар аударылды. Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылы аясында Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың барлық салаларына озық технологиялар мен ЖИ енгізу және цифрлы мемлекет құру міндеті қойылды. Алайда бұл бағытта жүзеге асыру жұмыстары тиісті деңгейге жеткен жоқ. Экономиканың нақты секторында цифрландыру процестері әлі де бастапқы сатыда тұр. Осы күнге дейін салалық деректер қорлары толық қалыптаспай отыр.
Осы және басқа да мәселелердің барлығы Үкімет әзірлеген «Digital Qazaqstan» стратегиясында өз шешімін табуы тиіс, ол барлық цифрлы бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіреді.
10 күнде жеңілдетілген несие: Үкімет бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеп жатыр