• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 11:19

Геологиялық барлау жұмыстарына 500 млн доллар инвестиция салынады

10 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін дамытуды ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.

«Өңдеу өнеркәсібінің қазіргі өсу қарқыны экономиканы толыққанды әртараптандыру үшін жеткіліксіз. Бұған қажетті серпін беру мақсатында өңдеуші кәсіпорындардың дамуын ынталандыратын жобалар жүзеге асырылып жатыр», деді Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша қаржыландыру тетіктері арқылы металлургия, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр.

«Салалық министрліктерге әрі қарай өңдеуге бағытталған өндіріс орындарын ашу мәселелерін алдын ала жан-жақты пысықтау міндеті қойылды. Жалпы алғанда, өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды, тағы осынша нысанның құрылысы аяқталуға жақын», деді Премьер-министр.

Өңдеу саласына келетін инвестиция көлемінің тұрақты өсуі үшін экономиканы шикізатпен қамтамасыз ету маңызды, соған байланысты геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

10 күнде жеңілдетілген несие: Үкімет бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеп жатыр

Премьер-министр 2025 жылы 1:50 000 масштабтағы геологиялық картаны әзірлеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Ол қазір пайдаланылып жүрген кеңестік кезеңде жасалған 1:200 000 масштабтағы картаның орнына қолданылады.

Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда мемлекет тарапынан геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 500 млн доллар инвестиция салынады. Салыстыру үшін айта кетсек, соңғы 30 жылда бұл салаға барлығы 760 млн доллар жұмсалған. Нәтижесінде перспективасы жоғары учаскелерде сейсмикалық сынақтардан бастап аэрогеофизикалық зерттеулерге дейін барлығы 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі. Кейін әр жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырым аумақта барлау жұмыстары жүргізіледі.

Шикізат базасын ұлғайту мақсатында мемлекет қаржысынан бөлек, геологиялық барлауға жеке инвестициялар да тартылып жатыр. 2023 жылдан бері оның көлемі 500 млн доллардан асты.

Сондай-ақ Үкімет басшысы жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 34%-ға дейін төмендейтінін де атап өтті. 

Олжас Бектенов биыл 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері іске қосу жоспарланғанын да баяндады.

Соңғы жаңалықтар