Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек пен өзге де әлеуметтік төлемдерді тағайындаудағы жүйесіздік пен бақылаудың әлсіздігі бюджет шығындарының негізсіз өсуіне әсер еткені айтылды, деп жазады Egemen.kz.
Үкімет басшысының сөзінше, әлеуметтік төлем түрлерінің шамадан тыс көп болуы, бірізді жүйенің жоқтығы және тиімді қадағалау тетіктерінің әлсіздігі қаржының тиімсіз жұмсалуына, жекелеген жағдайларда жымқырылуына жол берген. Алайда соңғы жылдары қабылданған шаралар нақты нәтиже көрсетті.
«Атқарылған жұмыстардың арқасында соңғы екі жылдың өзінде шамамен 288 млрд теңгенің тиімсіз игерілуіне тосқауыл қойылды. Сіздің Turkistan газетіне берген сұхбатыңызда және Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылғандай, бүкіл сала реформалауды қажет етеді. Осы орайда әлеуметтік көмек түрлерін біріктіру және бірізді жүйеге келтіру процесі жүргізілуде. Білім беру қызметтері цифрландырылып жатыр, бұл нысандарды салудан бастап жан басына сәйкес қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта қаралуда», деді Олжас Бектенов.
Әлеуметтік көмек алушыларды тексеру күшейеді
Ел мүддесіне сай жаңа көші-қон саясаты
Әлеуметтік саясаттағы тәсілдерді қайта қарау көші-қон саласына да әсер еткен. Отырыста көші-қон заңнамасындағы және иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктеріндегі олқылықтар масылдық пиғылдың қалыптасуына ықпал еткені атап өтілді. Осыған байланысты биылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары іріктеліп, олар тек жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға ғана берілетін болды.
Әлеуметтік көмек майшелпек емес
Премьер-министр мемлекеттік саясаттың негізгі әлеуметтік салалардағы трансформациясы бюджеттік тәртіпті күшейтуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт бағыттарына жыл сайын шамамен 18 трлн теңге бөлінеді.
«Бұл өзгерістер мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінетін салаларда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Үкімет «шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек» қағидатын қатаң ұстанады», деді Олжас Бектенов.