• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Олимпиада Бүгін, 08:25

Үміт – Михаил Шайдоровта

10 рет
көрсетілді

Қысқы Олимпия ойындарында тағы бірнеше спорт түрлерінен бәсекелер өтіп, медальдар жиынтығы сарапқа салынды.

Сейсенбіде еліміздің бір топ спортшысы жарыс жолына шықты. Шаңғышылар спринтінде қыздарымыз: Дарья Ряжко – 55, Анна Мельник – 58, Надежда Степашкина – 63, Ксения Шалыгина 72-орында қалып қойды. Ерлер де өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Виталий Пухкало – 75, Әмірғали Мұратбеков – 76, Наиль Башмаков 85-сатыға табан тіреді.

Шорт-трекшілердің 500 метрлік сайысында Яна Хан мен Ольга Тихонова бақ сынады. Ольга бірінші іріктеу сынында төртінші орын алып, ширек финалдан тыс қалды. Бәсеке барысында бір құлап тұрған Яна да жүлделі орынға таласу мүмкіндігінен айырылды. Ер­лердің 1 000 метрлік қашықтығында Денис Никиша үмітті ақтамады. Аралас эстафетада Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан да көздеген мақсаттарына қол жеткізе алған жоқ.

Фристайл-могулшылардың сайысында финалға шығу үшін ТОП-10-дықтың қатарынан көріну керек еді. 9-орын иеленген Павел Колмаковты енді негізгі жарыс­та бақ сынайды. Әйелдердің нәтижелері мынадай: Анастасия Городко – 12, Юлия Галышева – 14, Аяулым Әміренова – 20-орын. Олар енді екінші іріктеуге қатысады. Биатлоншылардың 10 шақырымдық бәсекесінде Владислав Киреев 53, Әсет Дүйсенов 74-сатыға жайғасты.

Мәнерлеп сырғанаудың қысқа бағдар­ламасын Михаил Шайдоров 92,94 ұпай жинап, бесінші орынмен қорытындылады. Алғашқы үш орынды америкалық Илья Малинин (108,16 ұпай), жапониялық Юма Кагаяма (103.07), франциялық Адам Сяо Хим Фа (102.55) олжалады. Жеңіс тұғырына көтерілуге Михаилдың әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін спортшымыз 13 ақпанда өтетін еркін бағдарламада барынша жақсы нәтиже көрсетуге тиіс. Ең бастысы, жерлесіміз өзіне сенімді. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Шайдоров: «Бұл жарыстың жүйкеге біраз салмақ түсіргені рас. Әрине, өзгеше болу мүмкін емес еді. Өйткені бұл әлем чемпионаты емес, төрт жылда бір өтетін Олимпия ойындары. Алғашында қобалжығаныммен, дер кезінде өз-өзіме келе алдым. Бесінші орын да жаман нәтиже емес. Енді сәл тынығып аламын да, негізгі жарыста жанкүйерлерді қуантуға тырысамын», деп ақтарыла сөйледі.

Жалпы командалық есепте Норвегия жеке-дара көш бастап тұр. Скандинавиялықтардың қоржынында 12 (6 алтын+2 күміс+4 қола) жүлде бар. Оларды Германия (3+2+1), Швеция (3+2+1), Швейцария (3+1+2) өкшелеп келеді. Үздік бестікті АҚШ (2+3+2) түйіндеп тұр. Сондай-ақ Аустрия (2+3+0), Италия (2+2+7), Жапония (2+2+4), Франция (1+2+0), Нидерланд (1+1+0), Словения (1+1+0), Чехия (1+1+0) құрамаларының да жағдайы жаман емес.

Соңғы жаңалықтар