• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2010

АЙНАЛА ЖАСАНЫП ЖАТЫР

484 рет
көрсетілді

Экологиялық сенбіліктер жалғастырыла бермек.Бұл күнде өндірісті өңірдің қалалары мен аудандары орталықтарында, алыстағы елді ме­кендер, көлдер мен өзендер жағалаулары, ор­ман-тоғай айналасы көз тартарлық бейнеге еніп, жайнап-құлпырған көріністер көңіл көр­кейтуде. Бұл жолы  “Бірлігіміз жарасқан!” ак­ция­сы аясында барлық жерде өтіп жатқан  “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” ат­ты шараға үлкен қолдау көрсетуші үкіметтік емес және жастар ұйымдары қоршаған ортаны тазарту, көркейту жұмыстарын жұмыла атқаруда. Алдымен теміртаулықтар бастаған осынау игілікті іс Самарқан су қоймасының көпшілік демалатын  орындарын абаттандыруға арналды. Аталған ұйымдар белсенділері қатарына келіп қосылған  қала тұрғындары екі күн бойында жасанды көл төңірегін жұртшылық сүйсіне тынығатын орынға айналдырды. Шапағаты мол шараны іліп әкеткен балқаштықтар болса шаһар іргесіндегі  айдын жағалауларын тазартуды қолға алды. Бұған ұйытқы болған  “Жас Отан”  жастар қанаты, “Балқаш жастар клубы”, Студентер альянсы, “Мұрагер”  сияқты ұйымдар мүшелері оған қатысушылардың бел ортасында жүрді. Жаңаарқа ауданының орталығы – Атасу кентіндегі О. Баубеков атындағы саябақ та  осы шараның арқасында  ажары кіре түсті. “Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деген ұранды алысқа жаңғыртып, бас қосқан жергілікті жігіттер мен қыздар еңбегінен кейін саябақ іші жайнап сала берді. Өздері ойнап жүрген құрал-қондырғылардың сырланып, жөнделуіне, әсіресе, балдырғандар қуанышты болды. Приозерск кентінің саябағы да сәнденді. Мұнда үлкендермен бірге ортақ іске атсалысқан балаларға балмұздақтар сыйға таратылды. Экологиялық сенбіліктер жалғастырыла бермек. Ол бүгінде қалыпты үрдіске айналып келеді. Ботақара ауылының жастары Нұра өзені бойын күл-қоқыстан тазартуға шықса, қарқаралылық құрбы-замандастары орман ішін тазалауды ұйғарды. – Қазіргі жайнаған өмір талап-талғамына тамаша жарасты  мұндай шараларға бастамашы болып, жарқыратып көтерген жастарға разылығымыз бөлек. Түпкі мақсаты мағыналы, тәрбиелік мәні зор істі  бәріміз қостаймыз,–деп теміртаулық азамат Жанас Арысов айтқандай, айналаны жасандыру облыста бұл күнде мерейлі міндетке айналып тұр. Қарағанды облысы.