• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:35

Рудныйда қазақ мектебі ашылды

0 рет
көрсетілді

Мемлекеттік тілде білім алатын оқушының саны жыл санап артып келе жатқан Рудныйдағы ағайын 2023 жылы іргетасы қаланған қазақ мектебінің ашылуын асыға күткен еді. Көптен күткен білім ордасы есігін айқара ашқан күн де келіп жетті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ел игілігіне берілген білім ошағында 900 бала оқитын болады.

Мектеп оқушыларын, ұстаз­дарды, ата-аналар қауымын арнайы құттықтай барған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа мектептің ашылуы­на орай өткен салтанатты іс-шараға қа­ты­­­­сып, көпшілікке білім саласында бо­лып жатқан оң өзгерістерді құлақ­­­қағыс етті.

«Бүгінгі мектептің ашылуы – ел тәуел­сіздігінің 35 жылдығымен, сондай-ақ қазақ халқының ұлы ағарту­шысы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылды­ғы­мен тұспа-тұс келіп отыр. Өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде 4500 орындық 6 мектеп ашылды. Біздің өңіріміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындады. Енді біздің алдымызда осы мектептердің әлеуетін тиімді пайдаланып, балаларға сапалы білім беру, оларды елге пайдасы тиетін саналы азамат етіп тәрбиелеу міндеті тұр. Жаңа мектеп құтты болсын! Баршаңызға сәттілік, мектеп ұжымына жемісті еңбек пен толағай табыстар тілеймін!», деді әкім орынбасары.

Рудный қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Ғабдолла Ахметжанов ақсақал да мектеп шәкірттеріне ізгі тілек, ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын берді.

Алты корпустан тұратын үш қабат­ты жаңа мектептің сыныптары бала­ның сапалы білім алуына қажет заманауи әдістемелік құралдармен, компьютер құрылғылары, интерактивті тақтамен жабдықталған. Шет тілдер кабинеттеріне лингафон орнатылған. Білім ордасында оқушының қарым-қабілетінің жан-жақты ұшталуына барлық жағдай жасалғаны көзге ұрып тұр. Кіші, орта, жоғары буын оқушы­­лары бір-бірінен бөлек жеке блоктарда білім алады. Баланың таным өрісін кеңейтіп, ғылыми ізденіске жетелейтін арнайы химия, биология, физика, информатика, роботтехника пәндік кабинеттері, сондай-ақ STEAM-зертханасы бар.

Мектептің 3 спорт залы, хореография залы, кең мәжілісханасы, жайлы асхана жұмыс істеп тұр. Еңбекке баулу шеберханаларына түрлі станоктар, тігін машиналары қойылған. Аулада оқушылардың жүріп-тұруына, отырып демалуына қолайлы бірнеше алаң бар.

Білім ордасының кіре берісі мен әр қабатына ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған лифт, пандус орнатылған. Арнайы жабдықталған санитар бөлмелері, инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп жатыр.

Жаңа мектепте 62 адам, оның ішінде 34 мұғалім жұмыс істейді. Білім ордасында, қазірше, 400-ден астам оқушы білім алып жатыр. Алайда алдағы оқу жы­лына дейін бала саны 900-ден кем болмайды.

«Мектептің кітапханасы өте кең екен. Мұндағы бай кітап қоры біздің жан-жақты білім алып, еліміздің тарихи, мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сондай-ақ өте ың­­ғайлы коворкинг аймақтарды, өнер студиясын көріп таңқалып отырмын. Сабақ оқып, шығармашылықпен айна­лысуға қолайлы», дейді 6 сынып оқушысы Ажар Рүстемова.

Рудныйдағы №8 қазақ мектебі – өңірде кейінгі бірнеше жылдың ішінде пайдалануға берілген алтыншы білім ордасы. Бұған дейін Қостанай мен Арқалықта, сондай-ақ Заречный, Құсмұрын ауылдарында 5 келешек мектебі пайдалануға берілген.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар