Қарағандыда «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» тақырыбында өткен кездесу мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Сарапшылар, Конституциялық комиссия мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен қоғам белсенділері бас қосқан жиында елдегі конституциялық реформалардың негізгі бағыттары талқыланды.
Кездесуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, Конституцияны жаңарту жай ғана құқықтық түзету емес, заманауи технологиялық, жаһандық өзгерістер жағдайында мемлекеттілікті нығайтудың стратегиялық қадамы екенін атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, реформалардың табысты жүзеге асуы жастардың белсенді ұстанымына тікелей байланысты.
Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков комиссия жұмысының барысына тоқталып, өзгерістерді әзірлеу барысында қоғамдық талқылауға басымдық берілгенін жеткізді.
«Халықтық Конституция» атауы кездейсоқ емес. Негізгі заңдағы әрбір өзгеріс қоғамның нақты сұранысына жауап беруге тиіс. Осы мақсатта өңірлерде кездесулер өткізіліп, ұсыныстар жинақталып жатыр. Бұл тәсіл саяси шешімдердің ашықтығын арттырып, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталып отыр.
Кездесуде сөз алған «Талдау Қарағанды» өңірлік талдау мектебінің түлегі Асылжан Төлегенов Конституция деңгейінде экологиялық қағидаттарды бекітудің маңызын атап өтті. Индустриялық аймақ үшін қоршаған ортаны қорғау мәселесі өзекті. Экологиялық жауапкершілікті негізгі заңда нақтылау – ұзақмерзімді даму кепілі.
Ал облыстық Жастар ісі жөніндегі кеңес мүшесі Жанбота Елубаев зияткерлік меншікті қорғау тетіктерін күшейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жастардың ғылыми, технологиялық және креативті бастамалары сенімді құқықтық негізге сүйенуге тиіс. Бұл – инновациялық экономика қалыптастырудың алғышарты.
Жиын барысында қатысушылар конституциялық реформалардың бағыттары бойынша пікір білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Ашық форматтағы диалог өңірлік деңгейде саяси мәдениеттің нығайып келе жатқанын көрсетті.
Қарағандыдағы бұл кездесу реформалардың орталық деңгейде емес, аймақтарда да кеңінен талқыланып жатқанын айғақтайды. Халықтық Конституция идеясы құқықтық құжаттан гөрі кең ұғымды білдіреді. Ол – әділеттілікке, ашықтыққа әрі прогреске негізделген жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі. Ел дамуының келесі кезеңі дәл осындай мазмұнды, салмақты қоғамдық диалог арқылы айқындалатыны анық.
Қарағанды облысы