• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 00:55

Белгілі журналист Батырбек Мырзабековтың шығармалар жинағының тұсауы кесілді

10 рет
көрсетілді

Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы драма театрында қарымды қаламгер, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Батырбек Мырзабековтің он томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Тағылымды шараны Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Онтомдық шығармалар жинағы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың бастамасымен, демеушілік қолдау арқылы Алматы қаласындағы «Ғарыш» баспасынан жарық көрді.

Кеш белгілі жазушының «Аманат» романынан алынған «Төртеу түгел болғанда…» атты инсценировкамен ашылды. Көрермен шығармашылығын арқау еткен бейнебаяннан кеш иесінің жемісті де жеңісті жолдарымен танысты.

Ұлытау облысында тұңғыш рет жарық көрген көптомдық еңбектің тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов кесті.

«Құрмет» орденінің иегері Батырбек Мырзабековтің  осыған дейін «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлымын», «Жеті қыз», «Алты белдің асуы» атты жыр жинақтары, «Аманат»,  «Ұлытау - ұлттың ұясы», «Дүзен», «Қос батыр», «Шуақ шашқан шаңырақ» сияқты тарихи публицистикалық кітаптары жарық көрген. Бертінде қазақтан шыққан тұңғыш геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мәңгілік ғұмыр» атты роман – эссе тарту еткен.

Жезқазған қаласының әкімі, өнер және мәдениет иелері, тіл жанашырлары кеш иесінің шығармашылығы жайында жылы лебізін жеткізді. Белгілі қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ғазиз Ештанаев, Мұса Тілеуов әдебиетте алатын орнына тоқталды.

Облыстың таңдаулы әншілері әннен шашу шашып, кеш көрігін қыздырды.

Салтанатты кеш аясында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов  «Ұлар» әдеби клубының мүшелері Мұқағали Сейтқазы мен Жанат Әбдіғожинді Жазушылар одағы мүшелігіне қабылдап, куәлік табыстады.

Қарымды қаламгердің он томдық шығармалар жинағы облыстық, қалалық кітапханаларға, сондай-ақ университеттер мен білім беру ұйымдарының кітап қорына таратылады.

Соңғы жаңалықтар