Заңнама және құқықтық ақпарат институтында Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Бәшімовтің қатысуымен сараптамалық кездесу өтті. Сараптамалық диалог барысында «Адам құқығын қорғау саласындағы конституциялық жаңашылдықтар: жаңа тетіктер мен кепілдіктер» тақырыбы әңгімеге арқау болды.
Талқылауға институт басшылығы, ұжымдағы жетекші ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ танымал құқықтанушылар мен конституциялық құқық саласының мамандары қатысты. Кездесу жаңа Конституция жобасын талдауға арналған ашық пікірталас форматында өтті. Қатысушылар саяси-құқықтық институттардың трансформациясын және елдің Негізгі заңындағы құқық қорғау тетіктерінің рөлін күшейтуді жан-жақты қарастырды.
Сарапшылар қауымдастығы алдында сөз сөйлеген депутат М.Бәшімов құқықтық жүйені ізгілендіруге ерекше назар аударды.
«Жаңа Конституция жобасы – ең алдымен, азаматтың мүддесін қорғауға бағытталған, сол тұрғыда тікелей қолданылатын құжат. Біз конституциялық нормалардың сапалы эволюциясын көріп отырмыз. Яғни құқықтарды жариялаудан оларды іске асырудың пәрменді тетіктерін қалыптастыруға дейін қамтылды», деді Мәжіліс депутаты.
Кездесу барысында институт сарапшылары мен депутат жаңа конституциялық нормаларды қолданыстағы заңнамаға енгізудің практикалық аспектілерін талқылады. Әкімшілік әділеттілікті жетілдіру, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық қоғамның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мәселелері көтерілді.
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова заң шығару үдерісін іргелі ғылыммен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
«Парламент депутаттарының біздің институт алаңындағы сараптамалық талқылауларға қатысуы ұсынылып отырған жаңалықтарға терең құқықтық диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Марат Советұлының ғалым әрі практик-парламентші ретіндегі тәжірибесі заңнаманы жетілдіру бойынша сапалы ұсынымдар әзірлеуде үлкен мәнге ие», дейді И.Әубәкірова.
Сондай-ақ аталған институтқа қарасты лингвистика орталығының жетекші ғылыми сарапшысы Нұршат Жұмаділ жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер болашаққа жасалған үлкен саяси қадам екенін атап өтті.
«Әрқайсымыздың көкейімізде «Жаңа редакциядағы Конституция бізге не береді, халқымызға не береді, қатардағы азаматқа қандай мүмкіндік әкеледі?» деген сұрақ бар. Ең алдымен, Конституцияға енгізілген өзгерістер – болашаққа жасалған үлкен саяси қадам. Бұл, әсіресе, жастар үшін өте маңызды. Оның үстіне, ғалым ретінде әрбір терминге мән беріп, түсінікті әрі нақты жеткізгеннен кейін құжаттың мазмұнына тереңірек үңіліп, мән-мағынасын жан-жақты сезіне түстім», дейді Н.Жұмаділ.
Оның айтуынша, жаңа Ата заң жобасында өте маңызды мәселелер қамтылған. Соның ішіндегі ең бастысы – азаматтардың жеке басының құқықтары.
«Азаматтардың саяси немесе діни көзқарасына байланысты ертең қандай да бір қысымға ұшырамауы, еркін өмір сүруіне кепілдік беретін нормалар нақты көрініс тапқан. Меніңше, біз осы Конституция арқылы жаңа бір қадам басып, елімізді жаңа биіктерге көтере аламыз. Конституция – күнде өзгертіле беретін заң емес, ол тағдыршешті кезеңдерде ғана жаңартылатын құнды құжат. Осы жолда депутаттардың да, ғалымдардың да еңбегі зор деп есептеймін. Сол себепті ел болашағының жаңарып, жақсаратынына, алдағы уақытта жаңа қадамдарға нық сеніммен баратынымызға үмітіміз мол», деді Н.Жұмаділ.
Кездесу қорытындысында қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық реформалар адам құқықтары саласындағы талаптар мен Халықаралық стандарттарға сай келеді деген ортақ пікірге келді.