• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 20:38

Қазақстанның бейбітшілік бастамаларындағы жаңа рөлі: Президенттің Вашингтон сапары және «орта державалар» дипломатиясының күшеюі

20 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары және оның АҚШ Президенті Дональд Трамп шақырған Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысуы халықаралық саясатта елеулі оқиға болды. Бұл қадам Қазақстанның жаһандық бітімгершілік бастамаларындағы рөлінің артып келе жатқанын ғана емес, сондай-ақ «орта державалардың» даулы аймақтардағы тұрақтылыққа ықпал ету мүмкіндіктерін кеңейтіп отырғанын көрсетеді. Соңғы жарты жылдағы Тоқаев пен Трамп арасындағы бірнеше кездесу екіжақты диалогтың жаңа деңгейге шыққанын айғақтайды, деп жазады Egemen.kz. 

Геосаяси шиеленістер күшейіп, дәстүрлі институттарға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдарына сенім әлсіреген кезеңде әлемдік дипломатияда жаңа форматтарға сұраныс арта түсті. Бейбітшілік кеңесінің құрылуы да осы тенденцияның көрінісі. Әсіресе Газа секторындағы гуманитарлық ахуалдың ушығуы халықаралық қауымдастықтың шұғыл әрі үйлесімді әрекеттерін талап етеді. Қазақстанның бітімгерлік контингент жіберуге дайын болуы және гуманитарлық қолдау көрсетуге бейілділігі – елдің сыртқы саясаттағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды белгі.

Сонымен қатар, сапар аясындағы АҚШ-тың ірі корпорациялары басшыларымен жоспарланған кездесулер экономикалық дипломатияның маңызын күшейтіп отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуетті инвестициялар туралы диалог Қазақстанның халықаралық гуманитарлық бастамалардағы орнын да кеңейтуі мүмкін.

Бұл материалда саясаттанушы Расул Қоспанов Қазақстанның жаңа дипломатиялық рөлін, Вашингтон сапарының нақты мәнін және оның өңірлік әрі жаһандық процестерге ықпалын талдайды.

Қазақстан Президентінің Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысуы «орта державалардың» жаһандық бітімгершілік үдерісіндегі рөлін нығайту тұрғысынан қандай маңызға ие?

– Сарапшылар қауымдастығы үшін де, жалпы қазақстандықтар үшін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 18–19 ақпан күндері Вашингтонға барып, Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысатыны туралы хабар белгілі бір деңгейде тосын жаңалық болды деуге негіз бар. Себебі соңғы жарты жыл ішінде бұл – Дональд Трамп пен Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы екінші ресми кездесу, ал жалпы алғанда үшінші жүздесу. Бұған дейін олар Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында бейресми форматта қысқаша пікір алмасқан еді. Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі байланыстардың жандана түсуі екіжақты қатынастардың серпінді дамып келе жатқанын аңғартады және қоғам тарапынан ерекше қызығушылық туғызатыны заңды.

– АҚШ Президентінің шақыруын Вашингтонның Газа секторындағы қақтығысты реттеу ісіне серіктестер аясын кеңейтуге ұмтылысының белгісі ретінде қарастыруға бола ма? Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық беделі мен сыртқы саяси тәжірибесін ескере отырып, бұл үдерісте Қазақстан қандай орынды иелене алады?

– Дегенмен, бұл кездесулер жаңа халықаралық құрылым аясында өтіп жатқанын ескерген жөн. Аталған бастаманың авторы – Дональд Трамп. Қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның Қауіпсіздік Кеңесінің тиімділігіне қатысты белгілі бір сын-пікірлер мен күмән-күмәндар бар екені жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа формат – жаһандық сипаттағы күрделі мәселелерді шешудің пәрменді тетіктерін іздестіруге бағытталған талпыныстардың бірі. Сол мәселелердің қатарында, сөзсіз, Газа секторындағы ахуал да бар.

– Қазақстанның делдалдық тәжірибесі мен бейтарап сыртқы саяси ұстанымын ескере отырып, өңірге тұрақты гуманитарлық қолдау көрсету ісіндегі әлеуетті үлесін қалай бағалайсыз?

– Палестина жерінде ондаған жылдар бойы қанды оқиғалар жалғасып келе жатқаны белгілі. Бұл – үш бірдей авраамдық дін өкілдері үшін қасиетті саналатын мекен. Сондықтан аталған өңірдің әлем назарын үнемі өзіне аударып отыруы заңды құбылыс. Соған қарамастан, өткен жылы Газа секторындағы гуманитарлық ахуал аса күрделі деңгейге жетті. Көптеген халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушылар өңірдегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, оны гуманитарлық апат ретінде бағалады, тіпті кейбірі геноцид белгілері бар екенін мәлімдеді.

Әрине, мұндай түйткілді мәселе халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Осы тұрғыда Қазақстанның бітімгерлік контингент жіберу туралы шешімі көпшілік үшін тосын болғаны рас. Айта кету керек, мұндай бастамаға бар-жоғы бес мемлекет ниет білдірді. Олардың қатарында Қазақстанмен бірге Индонезия, Албания, Косово және Марокко бар. Бұл – еліміздің қақтығысты реттеу жолындағы жауапты әрі салмақты қадамы. Әрине, бұл шешімге Израиль тарапы мен Палестина өкілдерінің қалай қарайтыны маңызды. Палестина аумағында қазіргі таңда екі саяси құрылым бар екені белгілі: Газа секторында – ХАМАС, ал Батыс жағалауда – Махмұд Аббас басқаратын Палестина автономиясының әкімшілігі. Осындай күрделі саяси жағдайда Қазақстан өзін көпвекторлы әрі бейтарап ұстанымды мемлекет ретінде танытып келеді. Сондықтан біздің бітімгерлердің өңірде болуы жағдайды ушықтырмай, керісінше, тұрақтандыруға септігін тигізуі ықтимал. Қазақстандық әскери қызметшілер тек қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар миналарды залалсыздандыруға және жергілікті халыққа көмек көрсетуге атсалыса алады. Бұдан бөлек, өңірге медициналық қызметкерлердің жіберілуі – еліміздің шынайы гуманитарлық миссияға бейілді екенін көрсетеді. Бұл – бейбіт тұрғындарға тікелей қолдау білдіруге бағытталған маңызды қадам. Жалпы алғанда, Газа секторындағы ахуал Қазақстан қоғамының да бейжай қарамайтын мәселесіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгерлік күштермен шектелмей, қажет болған жағдайда Қазақстанның Газа өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Бұл еліміздің халықаралық жауапкершілікті сезінетін және сындарлы сыртқы саясат ұстанатын мемлекет екенін тағы бір мәрте айқындайды.

Президент Вашингтонда отандастарымызбен кездесті

– АҚШ-қа сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі америкалық компаниялар басшыларымен бірқатар кездесулері жоспарланған. Сіздіңше, экономикалық дипломатия мемлекеттер арасындағы саяси сенімді нығайтуға қалай әсер етеді?

– Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті өте жоғары. Еліміз бидайды мол көлемде өндіреді, ет өнімдерінің сапасы да халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті. Сондықтан батыстық инвестициялардың және жаһандық әріптестердің қолдауымен Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытып, өндіріс көлемін арттыра алады.

Бұл өз кезегінде тек экономикалық өсімге ғана емес, гуманитарлық бастамаларға да мүмкіндік береді. Мәселен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қазақстан белгілі бір өңірлерге, соның ішінде Газа секторына да қолдау көрсете алар еді. Әрине, мұндай көмектің нақты тетіктері халықаралық келісімдер мен қаржыландыру механизмдеріне байланысты болмақ. Мүмкін, тиісті халықаралық құрылымдар немесе арнайы құрылған кеңес Қазақстаннан өнім сатып алып, оны мұқтаж аймақтарға жеткізуді ұйымдастыратын шығар. Бұл – келіссөздер мен ортақ шешімдерді қажет ететін күрделі үдеріс. Қалай болғанда да, Қазақстанның табиғи ресурстары мен ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары екені сөзсіз. Ал экономикалық дипломатия – дәл осы мүмкіндіктерді халықаралық серіктестік арқылы жүзеге асырып, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен ұзақмерзімді саяси әріптестікті нығайтудың маңызды құралы.

Президент Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйледі

Соңғы жаңалықтар