КӨКШЕТАУ. 13 мамыр. Ақмола облысында денсаулық сақтау саласында қызмет атқаратын екі мемлекеттік қызметкер пара алды деген күдікпен қолға түсті. Бұл туралы қалалық прокуратураның дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Көкшетау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Әлия Сүлейменованың айтуына қарағанда, олар тендерде ұтысқа жеткізу үшін облыс орталығындағы бір серіктестіктен 600 мың теңге ақша талап еткен. Ал мұндай сомадағы қаржыға шөптің басын сындырмай-ақ бір сәтте қарық болып қалғысы келгендер облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары мен мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы болып шықты.
«Аталған лауазымды тұлғалар параны мемлекеттік сатып алуда тендерді жеңіп алу үшін көмектесеміз деп алған. Оның көлемін келісімшартта көрсетілген соманың 10 пайызы деп келісіпті. Күдіктілер бұл әрекеттерін алдын ала ойластырып, жоспарлап жасаған. Екі жақ бір-бірімен телефон арқылы хабарласып отырған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді прокуратура өкілі.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz.