Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздейтін саясат аясында Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік органдар және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, ең көп сұранысқа ие қызметтерді цифрлық форматқа көшіру жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Нәтижесінде азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас біртіндеп қашықтан, ыңғайлы әрі ашық форматқа ауысып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Бұл үдерісте Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жиі көрсетілетін ТОП-10 қызметке басымдық берілген. Аталған қызметтер фронт-офистердегі жалпы өтініштердің шамамен 80 пайызын құрайды. Оларды онлайн форматқа көшіру кезектерді қысқартуға, азаматтардың уақытын үнемдеуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Соның ішінде электрондық цифрлық қолтаңба қызметі толықтай онлайн форматқа ауыстырылды. 2025 жылдың тамызынан бастап ЭЦҚ алу үшін ХҚО-ға бару қажет емес. Өтініш беру және қолтаңбаны алу міндетті биометриялық сәйкестендіру арқылы қашықтан жүзеге асады.
Енді ХҚКО-дан құжатты тәуліктің кез келген сәтінде алып кетуге болады
Қашықтан қызмет алуға деген сұраныс бұл шешімге дейін-ақ қалыптасқан. 2025 жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында 26,7 млн ЭЦҚ онлайн рәсімделсе, 1,2 млн қолтаңба ғана ХҚО арқылы берілген. Яғни, қолтаңбалардың шамамен 96 пайызы қашықтан алынған, ал офлайн өтініштердің үлесі 4 пайызды құраған. 2026 жылдың қаңтарымен салыстырғанда бұл үрдіс одан әрі күшейіп, бүгінде азаматтардың 99,6 пайыздан астамы ЭЦҚ-ны онлайн форматта алуды таңдайды.
Әлеуметтік факторлар да назардан тыс қалған жоқ. Егер азамат биометриялық сәйкестендіруден бес рет өте алмаса, қызметті ХҚО операторы арқылы офлайн алу мүмкіндігі сақталады. Бұл жағдайда қосымша фототүсірілім жүргізіліп, жеке бас деректері модератор тексерісінен өтеді.
Тұрғын үй кезегі қалай жұмыс істейді?
Сонымен қатар жаңа механизм мобильді абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді өзектендіруге жол ашты. Бұл SIM-карталарды тіркеу жөніндегі заң талаптарын орындауға, нөмірлердің үшінші тұлғалар тарапынан қолданылуын азайтуға және цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге ықпал етіп отыр.
Тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелу қызметі де толықтай цифрлық форматқа көшірілді. 2025 жылдың 19 қарашасынан бастап бұл қызмет eGov порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы және банк қосымшалары арқылы ғана қашықтан көрсетіледі. Цифрландыру өмірлік жағдайларды да қамтыды: қамқоршылар, қорғаншылар және жалдамалы пәтерде тұратын азаматтар бұрынғыдай ХҚО-ға барып, қағаз құжат тапсырмай-ақ, тіркеу рәсімін онлайн орындай алады.
«Біздің басты міндетіміз – азаматтың мемлекетпен өзара әрекетін біртұтас әрі технологиялық ету. Бүгін көптеген адамдар ЭЦҚ рәсімдеуде цифрлық жолды таңдағанын көріп отырмыз. Бұл тек уақытты үнемдеу емес, бұл еліміздің қауіпсіз цифрлық экожүйесінің негізі. ТОП-10 қызметті онлайн форматқа көшіру ресурстарды басқару моделін қайта қарауға мүмкіндік берді. Босатылған әлеует инновациялық сервистерді дамытуға және жасанды интеллект шешімдерін енгізуге бағытталды», деді Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Статистика да бұл өзгерістің нақты нәтижесін көрсетеді. 2024 жылы ХҚО операторлары арқылы 15,2 млн мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13 миллионнан сәл асты. Яғни жеке өтініштер саны 2 миллионға немесе 13 пайызға азайып, қызмет алушылардың басым бөлігі eGov порталы, eGov Mobile қосымшасы және өзіне өзі қызмет көрсету аймақтарына ауысқан.
Енді мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады
Жалпы, қолға алынған шаралар тұрақты цифрлық мемлекеттік модельді қалыптастыруға бағытталған. Қызметтер жылдамырақ әрі түсінікті бола түсіп, үнемделген ресурстар технологиялық инфрақұрылымды дамытуға және жасанды интеллект саласындағы заманауи шешімдерді енгізуге жұмсалып жатыр.