• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Еліміздегі су тасқыны қаупі жоғары өңірлер белгілі болды

0 рет
көрсетілді

Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Қазгидромет» РМК ұсынған жаңартылған болжамдық деректерді ескере отырып су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елдегі ахуал туралы Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, Су ресурстары және ирригация, сондай-ақ Көлік министрліктері баяндама жасады.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болжанып отыр.

Сәуір айы да жылы болады деп күтіледі. Батыс өңірлерде, сондай-ақ елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін.

Болжамды ескере отырып, су тасқыны қаупінің деңгейі бойынша өңірлер айқындалды:

Қауіп деңгейі жоғары:

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы.

Қауіп деңгейі орташа:

Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстары.

Қауіп деңгейі төмен:

Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары.

Tasqyn ақпараттық жүйесінде су тасқыны жағдайын модельдеу нәтижесінде, «Қазгидромет» РМК, Су ресурстары және ирригация министрлігі және Talsim-NG жүйесінің деректері негізінде 34 елді мекен ықтимал қауіп аймағына енгізілді (8 – Ақмола облысында, 1 – Абай облысында, 8 – Солтүстік Қазақстан облысында, 2 – Қарағанды облысында, 2 – Ақтөбе облысында, 13 – Батыс Қазақстан облысында).

Tasqyn жүйесіне 98 гидрологиялық бекет бойынша қысқа және ұзақ мерзімді болжамдар келіп түседі. Talsim-NG есептеулерінің нәтижесінде 72 виртуалды гидробекет бойынша су шығынының болжамдары қалыптастырылды. Модельдеу Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл және Ертіс өзендерінің бассейндерінде жүргізілуде.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев автомобиль және теміржол жолдарының су өткізу қабілетін арттыру жөніндегі шаралар туралы есептерді тыңдады. Бүгінгі күні 582 су өткізу құбыры салынды, автожолдарды реконструкциялау барысында 63 көпір тұрғызылды. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бес апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізілді.

Сонымен қатар вице-премьерге су тасқыны қаупі бар өңірлерге жасалған іссапарлардың нәтижелері және азаматтық қорғау күштерінің әрекет етуге дайындығы туралы баяндалды. Төтенше жағдайларды жою үшін саны 39 мыңнан астам адам құрайтын республикалық және өңірлік күштер мен құралдар топтастырылды. Олардың қарамағында 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралы бар.

«Көктем-2026»: Шымкентте су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді

1 наурыздан бастап ТЖМ Жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеуде. Гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Солтүстік өңірлер су тасқынына қалай қамданып жатыр?

Соңғы жаңалықтар