Тобыл қаласының «Астана» шағын ауданында жаңадан салынған үш көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 43 отбасы қоныстойын тойлады.
Былтыр көктемде ғана құрылысы басталған жаңа шағын ауданда бүгінге дейін 10 үйдің (450 пәтер) құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген. Қазір тағы 13 үйдің іргетасы қаланып жатса, жазға салым қосымша 16 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Жалпы, жоспар бойынша мұнда 154 көпқабатты үй бой көтеріп, 60 мыңнан астам отбасы қоныстануға тиіс.
Тұрғындарға пәтер кілттерін табыстаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл жобаның Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, кейінгі үш жылда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 9%-ға өскен.
Өткен жылы 517,4 мың шаршы метр баспана салынған (оның 64 мың шаршы метрі ауылдық жерлерде бой көтеріп, 5,5 мыңға жуық ауылдық отбасы қамтылды).
«Қостанай жастары» ипотекасымен бүгінге дейін 5 млрд теңге игеріліп, 340 жас отбасы баспаналы болса, биыл бағдарламаға тағы 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.
Қостанай облысы