Жақында облыста өңір басшысы мен сала мамандарының қатысуымен жиын өтті. Сонда облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова баяндамасында биылғы оқу жылында мемлекеттік тілде тәрбиеленетін балдырғандардың үлесі барлық баланың 38 пайызына жеткенін тілге тиек етті.
Әрине, бұл басқа өңірлер үшін жетістік емес шығар. Бірақ халық санындағы қазақтардың үлесі 38 пайыздан аспайтын өңір үшін айтарлықтай табыс. Осыдан біраз жыл бұрын мектепке дейінгі қазақ тілінде тәрбиеленетіндер үлесін тым болмаса 30 пайызға жеткізу керек деген мәселе жиі көтерілді. Енді сол межеге жетіп отырмыз.
«Облыста қазақ тілінде білім алатындардың үлесін арттыру мақсатында «Жол картасын» әзірледік. Былтыр 6 мектепте қазақ тілінде оқытатын 1-сынып ашылды. Жаңа оқу жылында жалпы саны 2 мыңға жуық оқушы қазақ сыныптарына қабылданды. 9 балабақшада 11 қазақ тобы ашылды. Білім бөлімдеріне 1-сыныпқа қабылданатын балалардың кем дегенде 30%-ы қазақша білім алуы қажеттігі туралы міндет қойдық», деді Айнагүл Ағыбайқызы. Соның нәтижесінде азды-көп табысқа қол жеткізілген екен. Білім басқармасының аудандық бөлімдері мен мектептердің ата-аналармен жұмыс істеу қарқынды жүргізілсе, туған тілді тосырқайтындардың азаяры хақ.
Сондай-ақ Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, өңірдегі кейбір ауданда әлі күнге үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептер бар екен.
«Мысалы, Аққайың ауданының орталығы Смирнов кентінде, Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим ауылында осындай келеңсіз жайттар орын алып отыр. Бұл білім сапасының артуына теріс ықпал етеді. Алдағы уақытта бұл екі елді мекенге тиісінше 300 және 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Петропавл қаласының «Копай» және қала іргесіндегі «Белое» ауылына жаңа мектептер салу қажет», дейді басқарма басшысы.
Сала қызметкерлерінің жұмысын бағалаудың басты көрсеткіші – дарынды балалардың жетістіктері. Білім бәйгесі жүлдегерлері қатарында Есіл, Тайынша аудандары алдыңғы қатарға шыққан. Қызылжар, Ақжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов аудандарында аталған көрсеткіш 50%-дан жоғары. Ал Мамлют, М.Жұмабаев, Ш.Уәлиханов, Тимирязев аудандары оқушыларының белсенділігі бәсең.
Қазір облыста 102 мектеп қазақ, 112 мектеп аралас, 225 мектеп орыс тілінде білім береді. Былтыр 4 колледжге күрделі, 10-ына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ өткен жылы 3 476 маман даярланып, түлектердің 70 пайызы жұмыспен қамтылған.
«Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 26 арнайы мекеме жұмыс істейді. Онда 753 бала білім алады. Серіктестермен бірлескен жұмыс нәтижесінде ерекше қажеттілігі бар 72 студент дуалды білім алып жатыр. Ерекше балаларға қосымша білім беру – басты назарда», дейді А. Сұрағанова.
Былтыр мұғалімдердің Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Зорлық-зомбылыққа, әлімжетікке, яғни буллингке, қатыгездік пен озбырлыққа мектептерде мүлде жол берілмеуі керек. Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейді», деген еді. Аталған жиынға қатысқан облыстық полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов осы мәселеге қатысты мектептегі тәрбие үдерісін назарда ұстау қажет екенін айтты. «Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы құқықбұзушылықтың алдын алу туралы заңға қол қойған. Аталған құжат наурыздан бастап күшіне енеді. Заңда жасөспірімдермен жан-жақты жұмыс істеп, ерте әрекет ету жолдары қарастырылған», деді ол. Сонымен қатар жиында кадр тапшылығын азайту, жас мамандарға қолайлы жағдай жасау, құқықбұзу-шылыққа жол бермеу, ата-аналармен тиімді байланыс орнату сынды мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары да айтылды.
Солтүстік Қазақстан облысы