• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Референдум Бүгін, 07:55

Көшбасшы әйелдер елдік құндылықтарды қолдады

10 рет
көрсетілді

Елордадағы EXPO конгресс-орталығында «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» ұранымен көшбасшы әйелдердің кездесуі өтті. Іс-шарада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйледі.

Мұнда еліміздің барлық өңірінен келген мыңға жуық көшбасшы әйел – білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ғылым, әлеуметтік салаларының және азаматтық сектордың өкілдері жиналды. Іс-шара аясында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша 15 наурызда өтетін референдум талқыланды.

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төраға­сы, «Әділетті және прогрес­сивті Қазақстанның халықтық Консти­туциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ген­дерлік саясатқа ерекше мән береті­нін атап өтіп, ел Президентінің әйелдер қауымының жұмысқа өте ұқыпты, әр іске тиянақты, жауап­кершілікпен қарайтыны арқылы ерекшеленетіні, сондықтан оларға ең сезімтал әрі әлеуметтік маңызы жоғары салалар тапсырылатыны туралы айтқан сөзін еске салды.

Е.Қошанов қоғамдағы әйелдер­дің рөлі туралы айта келе, олардың адамға деген қамқорлығы, отбасы тағдырына деген жауапкершілігі және балалардың болашағына алаңдаушылығы мемлекеттегі адамгершілік құндылықтарының берік негізін қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы құндылықтар бүгінде жаңа Конституцияның негізгі қағи­даттарынан көрініс табады. Оның өзегінде адам, адамның қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және дамуына берілген мүмкіндіктер тұр.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері Президенттің терең интеллектуалды тұлға ретінде отандастарымызды білімді, кітап оқитын әрі ойлана білетін ұлт ретінде көргісі келетіні туралы арманымен үнемі бөлісіп жүретінін атап өтті.

«Президент бірнеше рет атап өткендей, әр адам білім алуға, өзін дамытуға талпынуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы өмірлік көзқарасы жаңа Конституцияның идеологиясымен үндеседі. Онда еліміздің білімді және прогрес­сив­ті қоғамға қарай даму жолы айқындалған. Оның басты байлығы – адам капиталы және жастардың терең білімі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл балаларымыз бен немерелеріміз білімнің терең құндылығын түсініп, ғылымға, мәдениетке ұмтылады деген сөз. Бәлкім, Президенттің бұл ең асыл арманы енді Конституцияның өзегіне айналады», деді ол.

Сондай-ақ Е.Қошанов «Amanat» партиясының Әйелдер қанаты аз уақытта еліміздегі ең белсенді қоғамдық-саяси алаңдардың біріне айналғанын атап өтті. Үш жыл­да белсенді әйелдер қыз-келін­шектерді қолдауға, балаларды қорғауға және отбасылық құнды­лықтарды нығайтуға бағытталған жүздеген бастаманы жүзеге асырды. Әйелдер «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Tomiris», «Бақыт­ты отбасы», «Кедергісіз келешек» сияқты партияның әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру ісінде маңызды рөл атқарып келеді.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, әйелдер тарапынан атқарылып жатқан жұмыс білім беру бастамаларын дамыту ісінде де айқын байқалады. Мәселен, Әйелдер қана­тының атсалысуымен әйелдер көш­басшылығына қатысты магистр­лік бағдарлама әзірленіп, ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетімен және Almaty Management University-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар ол Әйелдер қанатының белсенділері заң шы­ғару қызметіне де елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты. Олардың бастамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағыт­талған заң қабылданды, сондай-ақ психологиялық қызмет көр­сету ісін дамытуға қатысты түзе­тулер әзірленді. Бұған қоса дәл осы белсенді әйелдер аутизмге шалдыққан балаларды және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселесін көтеріп, соның негізінде тиісті заң жобасын әзірлеуге және балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте диагностикалау жүйесін енгізуге бастамашы болды.

Жалпы, бүгінде әйелдер билік органдарында, бизнесте және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызметтерді барынша көп атқара бастады. Олардың белсенділігі мемлекетті жаңғыртудың нақты қозғаушы күшіне айналып отыр. Мұның барлығы – әйелдерді қол­дауға бағытталған жүйелі мемле­кеттік саясаттың нәтижесі.

Е.Қошанов жаңа Конституцияда отбасы институты мен дәстүрлі құндылықтарды қорғау ісіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Ата заң жобасында неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы екені нақты бекітілді. Бұл бала­лардың дүниеге келуі мен тәрбие­ленуіне қажет берік негіз қалыптастырады. Сонымен қатар мемлекет әйелдердің құқығын қорғау шараларын күшейтеді. Атап айтқанда, «қыз алып қашу» әре­кеті үшін жауапкершілік күшей­тілді. Мемлекет басшысы Ұлт­тық құрылтай отырысында атап өткен­дей, бұл дәстүр емес, адам құқығын өрескел бұзу болып саналады. Осы қадамдардың барлығы отбасы инс­­титутын нығайтуға, әйелдер­дің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға және қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға бағытталып отыр.

Мәжіліс спикері жержүзінде жаңа қақтығыстар мен шиеле­ніс ошақтары пайда болып жат­қанын да атап өтті. Жаһан жұртшы­лы­ғы­ның назарын аударған Иран төңірегіндегі жағдай ешкімді бейжай қалдырмайды. Сондық­тан еліміздегі бейбітшілік, тұрақты­лық және қоғамдық келісім – ең қымбат қазына. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың салмақты саясаты мен жоғары халықаралық беделі арқылы Қазақстанда тұрақтылық пен ауызбіршілік сақталып келеді. Ата заң негізгі билік инсти­тут­тарының өкілеттігін нақты айқындап, президенттік басқару фор­масын елдегі тұрақтылықтың, рефор­малар сабақтастығының және орнықты дамудың негізі ретінде сақтайды. Сондай-ақ ол бар­лық билік тармағының үздіксіз, жүйелі және үйлесімді жұмы­сын қамтамасыз ету кепілі санала­ды. Бұл – ел ішіндегі тұрақты­лықтың, орнықты дамудың және Тәуелсіз­дікті нығайтудың берік негізі.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева жаңа Конституция жобасы Қазақстанның әлеуметтік мем­лекет ретіндегі сипатын сақтай­тынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір әйелдің, әрбір ана­ның ең үлкен бақыты – балалары­ның жарқын болашағы. Сондық­тан 15 наурызда өтетін референдумға қатысудың айрықша маңызы бар.

Іс-шара барысында форум делегаттары жаңа Конституция жобасында қоғамның негізгі сұраныстары қамтылғанын атап өтті. Цифрлық ортада жеке дерек­терді қорғау нормаларын бекіту, ғылымға, білім мен инновация­ға стратегиялық басымдық мәр­те­бесін беру, отбасы институтын нығай­ту, ана мен баланы қорғау сынды маңызды мәселелерге де баса назар аударылды. Сондай-ақ инклюзивті білім беру ісін дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету және жеке меншік­ті қорғау, қоғамдық диалогтегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі және волонтерлік қызметті институционалдық тұрғыда қолдау ісіне де ерекше мән берілді. 

Соңғы жаңалықтар