Атырау облысы аумағында жұмбақ жағдайда қаза тапқан ерлі-зайыптылар ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, тергеуге байланысты күдіктілерді жақын арада Индонезиядан Қазақстанға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Күдіктілерді осы айдың ішінде елге әкелу көзделіп отыр. Қосымша ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес кейінірек беріледі», деді вице-министр Сенат кулуарында.
Сонымен қатар, ол із-түзсіз жоғалған отбасының екі мүшесіне – Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевке қатысты іздеу жұмыстары да жалғасып жатқанын айтты.
Вице-министрдің сөзінше, екі айдан бері табылмай жатқан азаматтарға қатысты кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, арнайы тергеу тобы құрылған.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылында бүтін бір отбасы жоғалып кеткені туралы хабарланған болатын. Кейін ерлі-зайыптының мәйіті табылып, күйеу баласы мен қызына халықаралық іздеу жарияланды.