Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне сапармен барған қазақстандықтардың кезекті легі елге аман-есен оралғанын хабарлады. Жолаушылар бүгін «Air Astana» әуе компаниясының ұшағымен Ақтау халықаралық әуежайына қонды, деп жазады Egemen.kz.
Ұшып келген азаматтардың басым бөлігі әрі қарай Алматы қаласына жол тартқан. Азаматтар шетелде болған кезеңде еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктер тарапынан тұрақты байланыс орнатылып, жан-жақты қолдау көрсетілгенін атап өтті. Арнайы чаттар ашылып, ақпараттық және құқықтық көмек берілген. Қонақ үй мен тамақ мәселесі де шешімін тапқан.
«Біз Сауд Арабиясы, Жидда, Доха, Катар бағыттарынан жиналып, Умра сапарынан кейін Жидда қаласына топтастырылдық. Сол жерден ұйымдастырылған рейспен Ақтауға жеттік. 2-3 күн кідіргеніміз болмаса, жағдайымыз жақсы болды. Сыртқы істер министрлігі мен елшілер толық қолдау көрсетті. Құжат рәсімдеу барысында да көмектесті. Осындай сәтте еліміздегі тыныштық пен тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінеді екенсің. Қазақ халқына, Мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді. Қазақстандықтарға бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Аспанымыз ашық болсын», деді Ақтау қаласының тұрғыны Бирюза Ищанова.
Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Министрлік мәліметінше, Таяу Шығыстан елге оралған азаматтардың саны 2 151 адамға жетіп отыр.
Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпан, сенбі күні таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай отыр. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.
Кеше Дубайдан Оман арқылы 467 отандасымыз елге жеткізілді. Сонымен қатар Flydubai әуе компаниясы Дубай қаласынан Астана және Алматы қалаларына екі эвакуациялық рейсті орындады.