АСТАНА. 26 маусым. Ресейдің Сочи қаласын су басты. Қара теңізден соққан циклонның салдарынан қалада тасқын сел болды. Соған байланысты аэропорт, темір жол және қала көшелері су астында қалды. Нәтижесінде ұшақ пен пойыздардың қозғалысы тоқтады. Қазіргі кезде қала тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы vesti.ru хабарлады.
Тасқынның қарқыны Сочидің Адлер, Хостинск, Кудепста және орталық аудандарында аса қатты. Сел жолындағы барлық затты ағызып алып кетуде. Олардың арсында автомобильдер де бар. Аталған аудандарда қазір төтенше жағдай режімі енгізілді. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға жеке көліктерімен жолға шықпауды ескертті.
Апат салдарынан жарық пен газ жеткізу қызметі тоқтады. Үйлерін су басқан тұрғындар екінші қабатта түнеп шығуға мәжбүр. Өзге аймақтардан құтқару қызметтері көмекке келуде. Мамандар төтенше жағдайдың әлі сақталатынын және теңіз құйыны болуы мүмкін екенін айтуда.
Еламан Қоңыр.
Дерек: vesti.ru.
Сурет: 1news.az.