Қостанайда «Аймақтың экономикалық дамуы: салалараралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сала басшылары, кәсіпкерлер, қаржы мекемелерінің өкілдері және облыстық мәслихат депутаттары бас қосқан жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа Конституция жобасы талқыланды. Алқалы кеңеске өңір басшысы Құмар Ақсақалов, облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Есжанов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының директоры Ренат Дәулетбаев «Еуразия банк» филиалының директоры Қырмызы Жаңбыршина қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдағы референдумның ашық әрі әділ өтуі маңызды екенін атап өтіп, жаңа Конституцияның басты қағидалары адами капиталды дамытуға, азаматтық құндылықтарды қорғауға бағытталғанын баса айтты.
«15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Конституцияның преамбуласында алғаш рет адамға деген құрмет, жауапкершілік және әділдік қағидаттары негізгі құндылықтар ретінде көрсетіліп отыр. Бұл мемлекеттік саясаттың басты басымдығы – адам, оның құқықтары мен өмір сүру сапасы екенін айқындайды», деді әкім.
Облыс басшысының айтуынша, өңір экономикасы өркендеген сайын, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың табысы едәуір өскен. Заманауи инфрақұрылымның өрісі кеңейіп, жастардың сапалы білім алуына қажет жағдайдың бәрі жасалып отыр.
Астанада жаңа Конституция жобасы бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары өтті
Қазіргі таңда облыста жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 79 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өңірде өткен жылдың өзінде 12 индустриалды жоба іске қосылды. Инвестиция көлемі – 337,3 млрд теңге. Аймақ экономикасына тың серпін әкелген ірі жобалардың қатарында – «KІА Qazaqstan» зауыты (131,5 млрд теңге) да бар. Жылына 70 мың автокөлік шығаратын кәсіпорында 1 500 адам еңбек етеді. Сондай-ақ былтыр «KamLitKZ» компаниясы автоөнеркәсіпке қатысты үш ірі жобаны іске асырды. Аталған жоба шеңберінде 1 150 жаңа жұмыс орны ашылды.
Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. Мәселен, өткен жылдан бері астықты терең өңдеу жобасы іске асырыла бастады. Мұның сыртында, Қарабалық, Меңдіқара, Қостанай, Федоров, Алтынсарин аудандарында 7 бірдей заманауи тауар-сүт кешені іске қосылды. Биыл дәл осындай тағы 5 кешен ашылмақ.
Көшбасшы әйелдер жаңа Конституция құндылықтарын толық қолдады
Дөңгелек үстел отырысында Конституциялық комиссия мүшесі Сайлаубек Есжанов жаңа Конституция жобасында Қазақстан халқы егемендіктің иесі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде қарастырылғанын айтты.
«Атамекен» палатасының өкілі Ренат Дәулетбаев жаңа жобада жеке меншікті қорғау, заң үстемдігі, әділ бәсекелестік тәрізді құндылықтардың Конституция күшімен қорғалатынын тілге тиек ете келіп, кәсіпкерлер үшін маңызды бірнеше бапты тарқата талдап берді.
Азаматтардың 90%-ға жуығы жаңа Конституция жобасын қолдайды
Отырысқа қатысушылар жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдап, алдағы референдумда өңірдің, жалпы елдің тұрақты дамуы үшін үн қатып, өз таңдауымызды жасаймыз деген ұйғарымға келді.
Қостанай облысы