• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 07:55

Өлеңмен өрілген өмір

10 рет
көрсетілді

Көрнекті ақын, Қазақ­­стан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері Серік Тұрғынбекұлы сек­сеннің сеңгіріне шықты. Осыған орай елордадағы Ұлт­тық академиялық кітап­ханада ақынның мерейтойы­на арналған «Өмірге өлең керек» атты шығармашылық кеші өтті.

Арқалы ақынның мерейтойы кіндік қаладан басталуы бекер емес. Өйткені ел ор­дасы Алатаудан Арқаға бет алған ұлы көшпен бірге Серік Тұрғын­бекұлы да бас шаһарға қоныс аударған еді. Жаңа елорда ақынға екінші тыныс берді. Астана туралы бірнеше туынды жазды. Тарихи дастандары өмірге келді. Драмалық шығармалары қойылды. Сөйтіп, ақынның елордамен бірге шығармашылығы да өсіп, кемелденді.

Іс-шара тізгінін ақын Дәулеткерей Кәпұлы ұстады. Кеш құттықтаулармен басталды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауын ақын Қалқаман Сарин оқыды. Одан кейін Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова мерейтой иесіне ізгі лебізін білдіріп, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы одақ төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын тапсырып, ақын иығына шапан жапты.

Кеш барысында жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл мерейтой иесінің шығар­ма­шылығы туралы парасатты ой айтты.

– Біз Серік екеуміз түйдей құрдас­пыз. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде қатар оқыдық. Сол жылдары аталған оқу орнында әдебиет үйірмесі болып, сонда жас ақындардың поэзия кештері жиі өтетін. Бірде Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғынбековтің қатысуы­мен сондай жыр кеші өтті. Екеуі бір-бірімен жарысып өлең оқыды. Екеуінің де өлеңдері туған жері – Торғайдың сайын даласындай кең. Екеуінің де поэзиясы басқа ақындарға қарағанда тынысты, көркемдігі, құрылымы басқаша еді. Сондай-ақ Серіктің жайсаң мінезі мен тазалығын қазақтың тұлғалы азаматтары ерекше жақсы көрді. Мәселен, жазушы Сәкен Жүнісов: «Мен көргендердің ішінде нағыз ақын болып жа­ратылған осы – Серік Тұрғын­бек» дейтін. Дәл осы сөзді Ақселеу Сей­дімбектен де естідім, – деді қаламгер.

Ал ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрах­манов Серік ағамыздың ақын­дық мінезі мен поэзиясы туралы қызықты әңгіме өрбітті.

– Секеңнің бүкіл поэзиясы Торғайдың төсінен ескен Сарыар­қаның самалы секілді қарапайым келеді. Қоңыр жел секілді оқыр­манды шаршатпайды. Төгіліп, құйы­лып жатады. Одан соншалықты метафоралық теңеу іздеу керек емес. Қазақтың өлеңі негізінен қарапайым болған. Осы тұрғыдан алғанда Секеңнен үйренетін қасиет көп, – деді ол.

Сонымен бірге кеш барысында белгілі дипломат Сайлау Батыр­ша­ұлы, ғалым, жазушы Тұрсын Жұрт­бай, қаламгер Жолтай Әлмашұлы, академик Кәрімбек Құрманалиев, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Мұхарбек Жәкей айтулы азаматтың шығармашылығы туралы жылы пікірлерін білдірді. Мерейтой иесінің өлеңіне жазылған әндер орындалды. Іс-шара соңында Серік Тұрғынбекұлы сөз алып, жиналған қауымға риза­шылығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар