«Экспорттаушылар витринасы» платформасы шетелдік сатып алушыларға отандық өнімдерді оңай табуға мүмкіндік береді. Жүйеде тауарлар бірнеше сала бойынша топтастырылған. Әрбір өнімге қатысты толық сипаттама мен өндіруші туралы ақпарат орналастырылған, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Экспорттаушылар витринасы» атты халықаралық цифрлық платформаны іске қосты. Жаңа ресурс отандық тауарлар мен қызметтерді шетел нарығына кеңінен таныстыруға бағытталған. Платформа арқылы шетелдік сатып алушылар «Made in Kazakhstan» белгісі бар өнімдердің кеңейтілген каталогымен таныса алады.
export.bgov.kz мекенжайында жұмыс істейтін жүйеде қазақстандық өндірушілер ұсынатын тауарлар мен қызметтердің сипаттамасы, негізгі техникалық параметрлері мен тұтынушылық қасиеттері қамтылған. Негізгі назар нақты өнімдерге аударылып, әлеуетті серіктестерге қажетті ақпаратты бір жерден табуға мүмкіндік жасалған.
Отандық өнімдер дүкен сөрелерінде қашан төрге озады?
Платформадағы өнімдер бес негізгі салаға топтастырылған. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік пен химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері, металлургия, машина жасау мен құрылыс саласы бар. Іздеу жүйесі кілт сөздер арқылы қажетті тауарды тез табуға жағдай жасайды. Пайдаланушы белгілі бір өнімді іздеген жағдайда жүйе сол санаттағы барлық ұсынысты көрсетеді. Әрбір тауар карточкасында өнім туралы толық мәлімет беріліп, сол тауарды өндіруші компанияның профиліне бірден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Отандық өнімдер әлемдік нарыққа таныстырылды
«Аталған платформада тек агенттік тарапынан тексеруден өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі ретінде қызмет атқарып, тәуекелдерді азайтады әрі қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл барысында сенімді нығайтады», деді Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова.
Тұтынушылардың отандық өнімге сенімі артып келеді – сауалнама
«Экспорттаушылар витринасы» жобасы отандық бизнес пен халықаралық нарықтар арасындағы цифрлық көпірге айналуды көздейді. Платформа жеткізушілерді іздеу үдерісін жеңілдетіп, қазақстандық брендтердің шетелдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бастама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі жүзеге асырып отырған шикізаттық емес экспортты қолдау мен сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру бағыты аясында қолға алынған.