Мен бұл мақаламда Ахмет Байтұрсынұлынан кейінгі қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымдарының бірі – әкем – Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тағдыры мен тағылымы туралы қысқаша баяндау мақсатында қолыма қалам алып отырмын. Қазақ кеңес тіл білімінің пайда болуы мен қалыптасуын сөз ете отырып, біз отандық ғылымның дамуына жанын салған жандарды үлкен құрметпен еске аламыз. Осындай жандардың бірі 20-шы және 30-шы жылдары қазақ филологиясы бойынша жемісті еңбек еткен қазақ кеңес лингвистикасының негізін қалаушылардың бірі саналатын профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов екендігін мақтанышпен айта аламын.
Әкемнің қазақ филологиясы ғылымының тарихында «профессор» атағын алған алғашқы ғалым болғанын зиялы қауым жақсы біледі. Оның әділетсіздік пен қатал тағдырдың құрбаны болғаны да баршаға мәлім.
Қ.Жұбановтың бастапқы кезде алған білімі оның тілші-ғалым болып қалыптасуына негіз болғанын айта кетуіміз керек. Өйткені, ол осы жылдары араб және парсы, сондай-ақ орыс тілі сияқты құрылымы өзге тілдерді меңгереді. Он сегіз жасында-ақ Қ.Жұбанов түркі, араб және парсы тілдерінде сөйлеу, сондай-ақ жазба тілдерін меңгеріп шығады. Бала кезінен әдебиетке қызығып, кейбір шығыс тілдерін білгендіктен, көптеген араб-парсы әдебиетін, атап айтқанда, Фирдоусидің «Шaxнaмасы», Сағдидің «Гүлістанын», Низамидің «Ләйлі мен Мәжнүнін», т.б. классикалық туындылардың түпнұсқасын оқиды. Ақтөбеде қызмет істеп жүргенде Қ.Жұбановты Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласына шақырады. Онда ол Халық ағарту комиссариатындағы (Hapкoмпpoc) инспекторлық жұмысқа тұрады. 1929 жылы қаңтар айында ғалымды Ленинградтағы Шығыстың тірі тілдері институтына түркология ілімі бойынша аспирантураға жібереді. Бір жылдан кейін КСРО Ғылым академиясының Яфетидология институтының аспирантурасына ауысады. Ол өз бетінше жалпы тіл білімі және түркітану саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жаңа латын әліпбиіне өтуге арналған іс-шараларға белсене араласады, 1929 жылы маусым айында қазақ орфографиясының негізгі қағидаттарын әзірлеу мәселесіне қатысты Қызылорда қаласында шақырылған ғылыми-орфографиялық конференцияда сөз сөйлейді. 1930 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстанның Бірінші өңіртану құрылтайында арнайы баяндама жасайды. Бұл баяндамасы оның бірнеше түркі тілін салыстыра зерттеген тиянақты ғылыми ізденістерінің нәтижесі ретінде көрінді.
Құдайберген Жұбанов түркі және басқа тілдердің білгірі ғана емес, қабілеті ерекше публицист те болған. «Күй» атты тамаша туындысы тақырыбының сонылығымен және деректік материалдардың молдығымен ерекшеленеді. Осы жұмысты филологтарға ғана емес, Aбдyл-Xaдиp Mypaги, Payф Eктa, әл-Фapaби, Беляев, Успенский, профессорлар Фитpaт, Oгaнeзaшвили, т.б. авторлардың музыкатану бағытындағы жекелеген еңбектерін мысалға келтіре отырып, түркі тілдерінің тарихи-лингвистикалық деректерін жүйелеу мен талдау арқылы халық музыкасы жанрларының пайда болу ретін нақтылап, қазақ музыкатанушылары мен өнер тарихшыларына тыңнан жол сілтеді.
Көрнекті ғалым қазақ жазба әдебиетінің классигі Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай ақынның тілі туралы жазылған мақаласы оның еңбектерінің ішіндегі танымдық мәні жағынан қызықты да мазмұнды шығармаларының бірі болып табылады. Бұл мақала қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған аса құнды үлес десек, артық айтқандық болмас. Абай өлеңдері құрылысының төлтумалығын, оның халық тілін қолданудағы жаңашылдығы мен шеберлігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеді. Жалпы, әлем мәдениетінің, оның ішінде классикалық Шығыс мәдениеті қазынасының тамаша білгірі ретінде профессор осы мақалада Абай Құнанбайұлының қазақ халқы мәдениетінің тарихындағы орны мен мәнін дұрыс анықтау үшін ұлт руханиятына тереңдеп барады.
Құдайберген Қуанұлы көрнекті түркітанушы, іргелі зерттеуші ретінде өзінің лайықты бағасын алған тұлға. Ол Ленинград Шығыс содан кейін Яфeтидoлoгия институтының (кейіннен КСРО ҒА Тіл білімі институты) аспиранты бола жүріп, зерделі зерттеуші, кең ауқымды тілші-ғалым ретінде танылды. Дарыны мен қабілеті өзі бірнеше жыл қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еткен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында сабақ берген жылдары ерекше айқын көрінеді. Ол көне түркі жазулары тілін мүлтіксіз меңгеріп, тыңдаушыларды руна (Оpxoн-Ениceй) жазулары мәселелері, оларды лeкcика-гpaммaтикалық, фонетикалық ерекшеліктері туралы білім нәрімен сусындатты. Өзінің педагогикалық қызметін қазақ және басқа да түркі тілдерінің ғылыми мәселелерімен шебер ұштастыра білді. Ғалымның қаламынан туған ғылыми еңбектер қазіргі уақытта да өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Көмекші және күрделі етістіктерге арналған жұмысы авторды ана тілінің лексика-грамматикалық жаратылысының білгірі ретінде тануға мүмкіндік береді. Аталған еңбегі тіл тарихшыларын сөйлем мүшелері мәселелерін зерттеумен ғана емес, бірнеше түркі тілдерінің грамматикалық және лексикалық формаларының этимологиясын анықтаумен қызықтырды. Бұл еңбек түркі тілдері деректерін зерттеуде салыстырмалы-тарихи әдісті қолданудың тиімділігін көрсетті.
Тілші ғалымның қаламынан туған қазақ орта мектептерінің 5-6-сыныптарына арналған алғашқы оқулықтардың бірі саналатын «Қазақ тілінің грамматикасын» (1936 жыл) ерекше атап өтуіміз керек. Аталмыш оқулықта автор қазақ тілінің сөз құрамының негізгі мәселелері мен фонетикалық құбылыстарын бір жүйеге салып берді. Бұл грамматика орта мектептерге арналған қазақ тілі оқулықтарын жазуда үлгі саналады.
Ғалым қазақ фонемаларының сандық және сапалық құрамы туралы да жүйелі ізденістер жасаған. Ол өз зерттеулерінде «буындардың кірігуі мен алмасуы (слияние и смещение слогов), екпін, әсіресе, үндестік заңдары сияқты көптеген фонетикалық құбылыстар сөз бөліктерінің өзара мықты байланысуына қызмет етеді», деген ғылыми тұжырымын ұсынған. Ғалым әліпби, орфография және қолданбалы тіл білімінің басқа да салаларына арналған кейінгі еңбектерін қазақ фонологиясының ережелеріне негіздегені және бар.
Қ.Жұбaнoв 1936 жылы «Қазақ тілінің грамматикасымен» қатар орта мектептердің 5-7-сыныптарына арналған қазақ тілі бағдарламасын дайындады. Бұл бағдарлама қазақ тілінің ғылыми зерттеу пәніне айналғандығын дәйектейтін алғашқы зерделі зерттеулердің бірі болып табылады. Онда ғалым құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты көзқарастарын айқын көрсеткен. Алда айтқан бағдарлама оқытушы жұртшылығынан жоғары баға алған екен. Белгілі кеңес түркітанушысы С.Maлoв та жоғары бағалаған. Бұған оқымыстының «проект профессора X.Жyбaнoвa чрезвычайно научный, принципиально выдержанный», – деп атап өтуі мысал болады.
Қазақ тілі мен мектептері тарихында лайықты орыны бар ғалым жеке басқа табынушылық кезеңінде сынға ұшырайды. «Қазақ тілі грамматикасы» оқулығын әділетсіз қаралап, грамматикалық ережелерден «зиянкестік» пиғыл іздеген мақалалар пайда болды.
Профессор Құдaйбepгeн Қyaнұлы Жұбaнoвтың есімі өз кезінде қазақ зиялы қауымының, әсіресе, білім беру-ағарту саласы қызметкерлерінің арасында танымал болды. Оны академиктер И.И.Мещанинов, А.H.Caмoйлoвич, В.В.Бapтoльд, С.E. Maлoв, К.К.Юдaxин, А.К.Боровков және басқалар тамаша лингвист-ғалым ретінде танып, еңбектерін жоғары бағалағанын жоғарыда да айттық. Ғылыми-педагогикалық қызметімен қатар Қ.Қ.Жұбанов қоғамдық өмірге де белсене араласып отырған. Фирдоуси, Абай сияқты ұлы тұлғаларға арналған ғылыми конференциялар ұйымдастыруда бастама көтеріп, алқалы жиында мазмұнды баяндамалар жасаған. 1935 жылы ол Қазақстандағы мәдениет қызметкерлері құрылтайы ұйымдастыру комитетінің төрағасы болған. Содан кейін XVI Бүкілресейлік кеңестер құрылтайына Қазақстан атынан делегат етіп сайланған.
Бұл жылдары қазақ арасынан шыққан кәсіби тілші ғалымдар өте аз болғаны белгілі. Олардың барлығы дерлік (өз қызметтерін енді ғана бастап келе жатқан ең жас зерттеушілерді қоспағанда) репрессия құрбанына айналды. Соның салдарынан қазақ тіл білімін қайта жандандыру кезеңінде кәсіби тілші ғалымдардан ешкім қалмаған еді. Сталиндік жазалаушы мәшине аяушылық білдірген жоқ, әрі мүлтіксіз жұмыс істеді. Шығармашылық күші мен қуаты толысқан, дарыны пісіп жетілген ғалым, зерттеуші, 38 жастағы әкем – профессор Құдайберген Жұбанов та «ұлтшыл» ретінде айыпталды. 1936 жылы жарық көрген қазақ орта мектептеріне арналған төлтума грамматика осы айыптауға негіз болды. Оның оқулығында 1937 жылдың басында кенеттен «халық жауы» атанған С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды ақын-жазушылардың шығармаларынан мысалдар келтірілген болатын. Қазақ тілінің орфографиялық нормасын қалыптастыру мәселесінде Қ.Жұбанов Ахмет Байтұрсынұлы принциптерін қолдады. Осы және басқа да жағдайлар Құдайберген Қуанұлын «ұлтшыл-фашист» ретінде айыптауға «айғақ» болды.
Ғалымның темір тордың ар жағындағы өмірінің соңғы күндеріне қатысты кейбір деректерде Қ.Жұбановтың табандылығы мен алған бетінен қайтпайтындығы айқын көрінеді. Оны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) мұрағатында сақтаулы «РСФСР ҚК 58-бабының 2, 8, 9 және 11-тармақтарына сәйкес айыптау бойынша №11020 істе» келтірілген мәліметтерден аңғаруға болады. Онда «1937 ж. 19 қарашада басталған» және «1937 ж. 23 желтоқсанда аяқталды» деп көрсетілген «№9555387 мұрағаттық-тергеу ісі» бар. Онда әкемнің ұлты үшін ешнәрседен тайынбайтынын, ақиқат жолына басын тігетіні тайға таңба басқандай дәл айтылған. Бәрін бір мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес деп білемін.
Ғалым қаза болғаннан кейін Қ.Қ.Жұбановтың отбасында зайыбы Раушан мен оның алты баласы (үлкені бар-жоғы 12 жаста, ең кішісі – мен 3 айлық шақалақ екенмін) қалды. Шүкір, бәріміз де кейіннен жоғары білім алдық, ал өзім филология саласында әкемнің ісін жалғастырып, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілінің жаңа салалары – математикалық, компьютерлік және корпустық лингвистикалар бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғадым. Қазір қазақ тілінің қолданбалы саласы бойынша бөлім меңгерушісі және зерттеу тақырыптарының ғылыми жетекшісі ретінде қызмет атқарып келемін. Осы саланың профессорымын.
Қазақ лингвистикасының негізін салушылардың бірі, көрнекті түркітанушы-ғалым, әкем – Құдайберген Жұбановтың есімі 1957 жылға дейін қазақ халқының жадынан өшіріліп тасталған еді. Ұшқыр ойлы, гуманитарлық пәндер саласында шынайы энциклопедиялық білімді біртуар оқымыстыдан мезгілсіз айырылу 30-жылдары әлі қалыптасып үлгермеген қазақ тіл ғылымының даму үдерісіне айтарлықтай әсер етті. Қазіргі кезде Жұбанов үрдісі ғылымда жалғасын табуда. Әкемнің ғылыми еңбектері 3-ші рет қайта басылып, жарыққа шығып жатыр. Республикамыздың ірі ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарында 115 жылдық мерейтойы өткен жылы аталып, қазақ филология ғылымдарының тарихында алғаш профессор атағы берілген ғалымға арналған ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік университетке Құдайберген Жұбанов есімі беріліп, ескерткіш орнатылды. Білім ордасының алдындағы даңғыл ағайынды профессорлар Құдайберген мен інісі академик Ахметтің – «Ағайынды Жұбановтар» атымен аталды.
Таяуда Алматыда Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушы, тұңғыш профессор, ағартушы-ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты «Профессор Қ.Қ.Жұбанов және қазіргі тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме саласындағы ғылыми-әдіснамалық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді деп жоспарлап отыр. Онда қазақ тіл білімінің негізгі проблемалары мен лингвистикалық зерттеулер, оның нәтижелерін қолданысқа енгізу, бұған қоса Құдайберген Қуанұлының еңбектері сөз болады.
Асқар ЖҰБАНОВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.
АЛМАТЫ.