Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әскери музыканттар сауда ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және басқа да адам көп жиналатын орындарда өнер көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz
Астанада Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі мен Құрмет қарауыл ротасы «Mega Silk Way» және «Asia Park» сауда орталықтарында тұрғындар көңілін көтерді.
Әскери оркестрдің орындауында танымал әндер мен белгілі әуендер шырқалып, мерекелік көңіл күй сыйлап, келушілердің назарын аударды. Әскери қызметшілер әйелдерді мерекемен құттықтап, көктемнің, сұлулық пен ықыластың белгісі саналатын қызғалдақ гүлдерін табыс етті.
«Мен Қызылордадан келдім. Бізде әскери оркестрлердің мұндай өнер көрсетуі жиі бола бермейді. Бүгін әскери музыканттар тамаша көңіл күй сыйлады. Әскери форма киген ер азаматтар әрқашан сымбатты әрі әдемі көрінеді», деп әсерімен бөлісті Ольга Чебакова.
Бағдарламаға ерекше көрік берген Құрмет қарауыл ротасының дефилесі болды. Үйлесімді біркелкі қимылдар, саптық шеберлік пен салтанатты орындау арқылы олар көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Әскери музыканттардың мерекелік өнер көрсетуі Алматы қаласында да өтті. «Жібек жолы» метро стансасында Ұлттық әскери-патриоттық орталық филиалының үрмелі оркестрі жолаушыларға концерт қойып, танымал шығармалар мен попурри орындады.
Мұндай мерекелік шаралар Семей қаласында, Сарыөзек және Гвардейск гарнизондарында да өтті.