Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыстағы қақтығыстардың толастамауына байланысты ел азаматтарына өңірге барудан бас тартуды ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Сыртқы істер министрінің бұған дейінгі ескертулеріне қарамастан кейбір азаматтар өңір елдеріне сапарын жалғастыруды жоспарлаған.
Сондықтан ведомство Таяу Шығыста әскери іс-қимылдардың жалғасуына және бірқатар елде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты азаматтарға жағдай толық тұрақтанғанға дейін Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Түркия, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия сынды елдерге барудан бас тартуды ұсынып отыр.
Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына мына ережелерді қатаң сақтауды ескертті:
жеке қауіпсіздік шараларын күшейту; қауіпті аймақтарға бармау; жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындау; зымыран соққысына қатысты қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға немесе паналау орындарына бару; Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық мекемелері, туроператорлар және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу.Айта кетейік, эвакуация жұмыстары басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 8 585 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.
Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпанда таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай қалған. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.
Бүған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.
Ал қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен азаматтарымызды эвакуациялау жұмысын белсенді атқарып жатыр.