• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:55

Бірқатар халықаралық келісімдер ратификатталды

10 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыста Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық туралы келісімді ратификаттау жөніндегі жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерімен де арадағы түрлі халықаралық келісімдерді ратификаттауға қатысты заң жобалары қаралды.

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста 2023 жылғы 8 мау­­сымда Сочиде жасал­ған ТМД-ға қатысушы мемле­кеттердің радиациялық жағдай мониторингі деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялады.

Ынтымақтастық аясында тараптар радиациялық жағдай туралы деректер алмасу үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қи­мылын ұйымдастыруға мін­деттенеді. Сонымен қатар радиа­­циялық жағдайдың жай-күйі мен ондағы өзгерістер туралы маңызды ақпаратты ұсыну, сон­дай-ақ радиоактивті заттар­дың трансшекаралық таралу қаупі немесе фактісі туындаған жағдай­да, оның ішінде үшінші мемлекет­тердің аумақтарымен байланыс-ты жағдайларда деректер алмасу қарастырылған.

«ТМД-ға қатысушы мемле­кеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырып, баяндама жасады.

– Өздеріңіз білетіндей, қазір министрлікке қарасты «Қазгидромет» ұлттық қызметі елі­міздің барлық өңірінде орна­лас­қан селитебті аумақтарда бета-белсенділікті және гамма-сәулені өлшеу арқылы радиациялық фон деңгейіне мониторинг жүр­гізеді. Бұл ретте еліміздің гео­графиялық орналасуын ескеріп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағында радиация­лық мониторинг деректерімен алмасудың бірыңғай тетігін енгізу – цифрлық заманның өзекті талабы. Сонымен қатар халықаралық қоғамдастықта осы саладағы өзара іс-қимылдың ұқсас әдістері қолданылатынын айта кету керек, – деді Е.Нысанбаев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, ұсынылған келісім жобасына сәй­кес, одақтас мемлекеттерге елі­міздің мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінен алынатын деректер ғана беріледі. Бұған қоса келісімді іске асыру барысында нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы қажет етілмейді.

– Аталған құжатты ратификаттау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өмі­ріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қауіп­ке шұғыл ден қою шараларын қабыл­дауға мүмкіндік береді, – деді Е.Нысанбаев.

Сондай-ақ Каспий теңізінің түбі­мен кабель тартып, сол арқы­лы «Жасыл энергетикалық дәліз» құрып, елімізді Еуропа­мен энергетика саласында жақындастыратын іргелі іске қатысты да заң жобасы қаралды. Яғни Парламенттің төменгі палатасы «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы және Өзбекстан Рес­пуб­­ликасы арасындағы жасыл энер­гия­ны өндіру және беру сала­сындағы стратегиялық әріп­­тестік туралы келісімді рати­фи­ка­циялау туралы» заң қабылдады.

Аталған келісімге Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары 2024 жылы 13 қарашада Баку қаласында СОР-29 конферен­циясының алаңында қол қойған.

– Бұл Тәуелсіз Қазақстан тари­хындағы ең өршіл энергетикалық жобалардың бірі және осы жоба­ның ауқымдылығы мен өңір­лік маңыздылығын атап көрсе­теді. Атап айтқанда, «Жасыл энерге­тикалық дәліз» құру Қазақстан үшін Каспий теңізі арқылы Еуропамен іргетас қалайды, – деді құжатты таныстырған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Келісім үш ел арасындағы жаңар­тылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пай­да­лану­ға, жасыл аммиак пен сутек­ті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамы­туға, сондай-ақ еуропалық нарық­тарға экспортты кеңейтуге бағытталған.

Қысқасы, осы келісім арқылы тараптар үшжақты энергетика­лық ынтымақтастықтың тұрақты моделін қалыптастыруға және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы ұзақмерзім­ді өзара іс-қимылды дамыту­ды көздейді. Сонымен қатар жасыл электр энергиясын орнықты әрі болжамды түрде экспорттау үшін Орталық Азия мен Әзер­бай­­­жан­ның энергетикалық жүйе­лері­нің өзара байланысын қамта­масыз ету жоспарланып отыр.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев жобасын таныстырған «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасын­дағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң екі ел арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейте түседі. Мәжіліс ратификатталған құжат­тың негізгі мақсаты – Қазақ­стан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың кешенді дамуына қосымша серпін беру. Онда саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, техно­ло­гиялық, мәдени және гумани­тарлық салалардағы өзара іс-қи­мылдың түрлі нысандары мен те-тік­терін жетілдіру қарастырылған. Сондай-ақ кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады.

Заңда көрсетілгендей, тараптар екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен өзара одақтастық қатынастарына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.

Бұған қоса құжатта парламент­аралық ынтымақтастықты ны­ғайту көзделген. Ол үшін пар­ла­мент­аралық достық топтары­ның жұмысын жандандырып, парла­мент­аралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс күшейтіледі.

Жалпы, тараптар Орта­лық Азия мемлекеттері басшы­ларының консультативтік кездесулерін өңірлік мәселелерді бірге талқылау және шешу үшін негізгі тетік деп санайды.

Палатаның жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев жаңа Конституция жобасындағы қызу талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде қоғамға үндеу тастады.

Нартай Сәрсенғалиев Ата заң алғаш қабылданып, қызмет ат­қарғанына да отыз жыл тол­ғанын, әрі біршама уақыт өтіп, талап та күшейгеніне тоқталды.

– Жаңа Ата заң апталап емес, айлап талқыланды. Алты ай бойы алып атыраптағы халық  әр түзетуді, әр тармақты, әр бапты саяси сүзгіден өткізді. Тікелей эфирге көз салған көпшіліктің ұсынысы да көп болды. Себебі халық заңның темірқазығына жүрдім-бардым қарамайды, мұқият зерделейді, – деген ол жаңа Конституцияны жазуға әр саланың 130 маманы тартылғанын жеткізді.

Ал ұсыныс беріп, кеңес айтқан заңгерлер мен жанашыр жан­дарды қоссақ, бұл тізім кемі мың­нан асады. Депутат бұ­рын­ғы Конституцияны 12-ақ адам жазғанын алға тартып, цифр­лардың ара салмағын салыстырды. Ал сол 12-сінің үшеуі шетелдік маман болған екен.

– Өз Ата заңыңды өзгелер тәп­сірлеп бергесін оның қан­шалық­ты халықтық екеніне қалыпты сұрақ тумай ма? Сондықтан қазір халыққа ұсынылған жаңа Ата заң жан-жақты талқыланған, талдаудан өткен құжат екенін сарапшылар да шегелеп айтты. Расында бұл жаңа Конституцияны – нағыз халықтық Ата заң деп айтуға толық негіз де, айғақ та, дәлел де жетеді, – деді Н.Сәрсенғалиев.

Сондай-ақ депутат жаңа Конституция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бас­тамашылық еткен саяси өзгеріс­тердің логикалық түйіні екенін атап өтті.

– Конституцияның преамбу­ласындағы әр бастама, Ата заңдағы біздің тарихымыздың айшықты көрінісі, Әділетті Қазақ­стан, Заң мен тәртіп қағидаты, адам құқығын қорғау, билік институттарының жаңғыруы секілді ең маңызды өзгерістердің бастамашысы, яки негізгі авторы Мемлекет басшысы екенін баса айту керек, – деді ол.

Осы ретте жаңа Ата заңды ағайынға үтір-нүктесіне дейін түсіндіру үшін депутаттар, қоғам белсенділері таңның атысы, күннің батысы жұртпен жүздескенін жеткізді. Өзі де «Amanat» партиясының бастамасымен «Халық сөзі» жобасын дайындап, автобуспен еліміздің барлық аймағын, 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланы аралап шыққанын айтты. Кездесулерге көтерілген көп мәселені Мәжіліс мінберінен атап айтып, түсіндірмесін қоса жеткізді.

Ал Депутат Никита Шаталов ел жастарына жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қатысудың маңызы туралы үндеу жолдады. Еліміздің жас азаматтарына, өзі құралыптас қатарластарына қарата айтылған үндеуінде Н.Шаталов Негізгі заңның жаңа жо­ба­сында қамтылған құнды­лық­тар­дың бәрі болашаққа бағыт­тал­ғанын, бұл тәуелсіз Қазақ­станда дүниеге келіп, осы елде қалып­тасқан азаматтар өмір сүре­тін басты құжат болатынын атап өтті

Соңғы жаңалықтар