• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Қостанайда жас сарбаз жұмбақ жағдайда қаза тапты

380 рет
көрсетілді

АСТАНА. 26 маусым. Қостанайдағы әскери бөлімшеде жас сарбаз жұмбақ жағдайда мерт болды. Ұлттық гвардия сапына қабылданған ақтөбелік Таңатқан Өтепов белгісіз себептермен ақыл-есі ауытқыған жандарды емдейтін мекемеге жатқызылып, артынша жағдайы нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Денсаулығында мін болмаған жігіттің небары 5 күннен соң үйіне табытпен оралуына ата-аналары әскери бөлімдегілерді кінәлап отыр. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Әскерге аттанбас бұрын Таңатқан Өтепов жоғары білім алып, мемлекеттік кіріс бөлімінде жұмыс істеген. Айта кетейік, 22 жастағы жігіт әскерге шақырту алып, отан алдындағы борышын Қостанай қаласындағы әскери бөлімде өтеу бұйырған. Алайда, 3 күннен соң тепсе темір үзетін жігіт белгісіз себептермен ақыл-есі кем жандарды емдейтін мекемеге жатқызылыпты. «Өмір бойы бір рет ауруханаға жатып, бір екпе  алып көрген жоқ.  Сабасына түсіру үшін доза берген сияқты. Жетем дегенше реанимацияға жатқызылған», – дейді сарбаздың әкесі Дүйсенбай Өтепов. Жайсыз хабарды естіген Таңатқанның ата-анасы алып-ұшып Қостанайға жеткен. Алайда жансақтау бөліміндегі жігіт ес жимастан көз жұмды. Әскери бөлімдегілер Таңатқан сапта тұрып сандырақтағанын айтқан. Дегенмен жігіттің ата-анасы ұлының өліміне әскери бөлімшенің басшылары кінәлі деп отыр. «3 күнде не болғанын білмеймін. Күмәніміз бар. Апарып психиатриялық ауруханаға қамады. Ботақаным-ау. Біз жетеміз дегенше әйтеуір білгендерін істеген», – деді марқұмның анасы Айман Өтепова. Қостанайлық дәрігерлер сарбаз белгісіз нәрседен улануы мүмкін деген байламға келген. Мұны көрген ата-ана диагнозы нақтыланбаған адамды қалайша диспансерге жатқызғанын түсінбей отыр. Ал әскери бөлімдегілер бұл жайт бойынша түсінік беруден бас тартуда. Қазірде оқиға бойынша тергеу басталған. Қайғы жұтқан ата-ана болса, заңгер жалдап соттасуға әзірленуде. Талғат Райымбек. Дерек, сурет: «ҚазАқпарат».