• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құрылыс Бүгін, 08:20

Сапасыз салынған үй сыр берді

10 рет
көрсетілді

«Қазгидромет» ескерткендей, Астанада бірнеше күн ауа райы күрт құбылып, екпіні қатты жел жұртты әбден әбігерге салды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардың ішінен қаладағы 9 қабатты тұрғын үйдің сыртқы жабындысы опырылып түскені баршаның назарын аударды. Көңілге демеу болатыны, зардап шеккендер жоқ.

Ресми ақпараттан біл­геніміз, жабындысы бүлінген ғимарат «Сарыарқа» ауданына қарасты «Айка» тұрғын үй кешені екен. Оқиға 11 наурыз күні сағат 17:00 шамасында орын алған. Ғимараттың жылу оқшаулағыш қабатының бір бөлігі түсіп қалған. Бейнежазбадағы кадрдан үйдің бір бүйірі ашылып, қалдықтары салбырап ілініп тұрғаны байқалады. Оның бұзылған бөліктері ғимараттың жанына, жылу оқшаулағыш плиталар үйдің ауласына құ­лаған. Мұндайда жөндеуге кететін қаражат, шығыннан бұрын қауіпсіздік жайы қат­ты алаңдатады. Үй 2015 жылы салынған. Құрылысқа «Алма­ты­қалақұрылыс» компаниясы жауапты болған.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, қазір тұрғын үй кешенін басқаратын компания жөндеу жұмысының құнын есептеп, бүлінген жерді қалпына келтіруге өнеркәсіптік альпинист тарту мәселесін қарастырып жатыр. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 34-бабына сәйкес, пәтер иелері кондоминиумға тиесілі ортақ мүлікті күтіп-ұстау міндетін өздері көтереді. Заңның 2-бабының 2-тармағына сәйкес, мұндай ортақ мүлікке ғимарат қасбеті, кіреберістер, вестибюльдер, холдар, дәліздер, баспалдақтар мен алаңдар, лифтілер, шатырлар, кіреберіс топтарының қалқалары, шатыр асты, техникалық қабаттар, жер­төлелер, сондай-ақ үйге ортақ инженерлік жүйе­лер мен жабдықтар жатады», деп жа­зылған Астана қаласы әкім­дігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта. 

Айтса айтқандай, тұрғын үй кешенін басқаратын компания жедел іске кірісіп, жөндеу жұмыстарына кететін шығынды шамамен есептеп қойыпты.

– Оқыс оқиғадан соң біз өз тарапымыздан бірден төңіректі қызыл жіппен қоршап, тұрғындарға сақ жүру керегін ескерттік. Үйдің сыртқы жабындысын жөндеу құзырымызға кірмейді. Тек үй маңынан күл-қоқыс шығарып, тазалауға, сантехникалық, элек­триктік жұмыстарға ғана жауап береміз. Шағымымызды «Алматықалақұрылыс» компаниясына жолдаған едік, бірақ олар кепілдік мерзімі өткенін желеу етіп, жөндеуден бас тартып отыр. 2020 жылы аталған тұрғын үйге іргелес тағы бір үйдің бүйірі түсіп, тұрғындар өз қаражатына сылаған еді. Қазір де тура сондай жағдай қайталанып отыр. Демек, келеңсіздіктің бірден-бір себебі – құрылыс компаниясының сапасыз жұмысы, – дейді «MSS-Servise» серіктестігінің басшысы Алма Салықова. 

Тұрғын үйге жауапты компания альпинист шақырып, жөндеуге кететін ақшаны есептеген екен, 3 млн теңгенің шамасында шығыпты. Үйдің тұрғыны Галина Логвиненко 45 пәтерлі үй тұрғындарының ол ақшаны бірден түгел жинауға мүмкіндігі жоқ екенін айтады.

– Тұрғын үйдің жылу оқ­шаулағыш плиталары ұшқан соң, сол іргедегі үйлердің іші суи бастады. Онда тұратын көпбалалы отбасыларға, егде жастағы кісі­лерге қиын. Ол аздай, көктемде жауын басталса, іргедегі үйлер сыз тартады. Сондықтан жөндеу жұмыстарын ерте бастамасақ, салдары ауыр болуы мүмкін. Қазір қала әкімдігінен тұрғын үй жөндеу бағдарламаларына қатысуға сұранып отырмыз, – дейді Г.Логвиненко. 

Былтыр қарашада Астанадағы көппәтерлі үйлердің бірінің қасбеті сөгіліп, бірнеше адам зардап шеккен еді. Олардың арасында 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан апатты жағдайға қарамастан, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп жатқан сәтте ауыр жарақат алып, бақилық болды. Оқиға түгел зерттеліп, жауаптылар жа­заға тартылғанымен, адамның орнын ешкім толтыра алмайды. Жалпы, құрылыс барысында өндірістік жарақат алып, соңы қайғылы аяқталған оқиғалар жиі кездеседі. Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков:

– «Айка» тұрғын үй кешеніне қатысты техникалық тексеріс жүргізген жөн. Яғни үйдің бүйірі нақты неден бүлінгенін анықтап алу қажет. Егер оның себебі құрылыс барысында ескермеген шамадан тыс, долы желдің салдарынан болса, оған жергілікті әкімдік араласуға тиіс. Ал барлық мәселе жобалау кезіндегі қателіктерден немесе құрылыс сапасынан болса, онда сұрақты жобалаушы-ларға, құрылыс компаниясына қойған дұрыс. Үйдің қасбетіне кепілдік мерзімі бұған дейін 2 жыл еді, жаңа Құрылыс кодексі аясында 10 жылға дейін ұзартылмақшы. Қабылданып жатқан өзгерістердің нәтижесі нақты қалай боларын уақыт көрсетеді, – дейді.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа Құрылыс кодексіндегі өзгерістер саладағы біраз олқылықты реттейді деген үміт басым. Құрылыс барысы жоспарланған сәттен қатаң бақылауда болса, қауіпсіздік күшейсе, олқылыққа жол берген компанияларға дер кезінде шара қолданылса оқыс оқиғалар туындамас еді.