Биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерін ерте қаржыландыру жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 2 900-ден астам шаруа жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, алқаптарға қажетті дайындық жұмыстарын бастауға мүмкіндік алды, деп жазады Egemen.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы маусымдағы көктемгі егіс науқанына арналған ерте қаржыландыру бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы қазан айында басталған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде белгіленген.
Қазіргі уақытта жалпы сомасы 519 млрд теңгеге 3 534 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінімдер пулы қалыптастырылған. Соның ішінде 2 936 өтінім мақұлданып, 288 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Бұл қаражат 3 млн гектардан астам егіс алқабын қамтиды.
Бағдарлама аясында шаруалардың қаржыға қолжетімділігін кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарды кепілдендіру тетігі де іске қосылған. Бұл механизм несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін 111,5 млрд теңге көлеміндегі қарыздар бойынша 753 кепілдік ұсынылған.
Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс ашылды
Айта кету керек, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау өткен жылдың 1 қазанында басталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған.
Қаржыландырудың ерте берілуі шаруаларға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік жасап отыр. Бөлінген қаражат ең алдымен жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және сапалы тұқым қорын қалыптастыруға бағытталады.
Жеңілдетілген қаржы тек көктемгі егіс жұмыстарына ғана емес, сонымен бірге орақ науқанына дайындық пен маусымдық шығындарды өтеуге де пайдаланылуы мүмкін. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалдық желісі және ел бойынша серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жетеді