• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:30

Ақтүтек боран әбігерге салды

10 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінде өткен аптада бірнеше тәулікке ұласқан ақтүтек боранның салдарынан 300-ге жуық мал қырылды. Көптеген елді мекенге айтарлықтай материалдық шығын келді. Екі қала мен екі аудан табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімін жариялауға мәжбүр болды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қолайсыз ауа райының салдарын жою шаралары қаралды. Өңір әкімдігі атап өткендей, 9-12 нау­рыз аралығында Павлодар облысы аумағында жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен солтүстік-батыс циклоны тіркелген. Бұл облыс аумағында түскен қардың 80%-ға ұлғаюына әкеліп соқтырған. Қазгидрометтің дерегіне сәйкес, кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 2-ден 20 см-ге дейін артқан. Ақтоғай, Шарбақты аудандарында қардың қалыңдығы 10-20 см шамасында тіркеліп отыр.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­масының дерегінше, қолайсыз ауа райы кезеңінде облыстың 96 ауылдық елді мекені электр қуа­тынан апаттық жағдайда ажы­ра­тылған. Қалпына келтіру жұмыс­тарына 43 апаттық бригада, 100-ден астам маман тартылып, электрмен жабдықтау қысқа мерзімде толықтай қалпына келтірілді.

«Табиғи апаттың салдарынан Екібастұз қаласында 75 көп­қабатты тұрғын үйдің, 9 әлеу­­меттік нысанның, бір әкім­шілік ғимараттың шатыры зақымданды. Қазірде ғимараттарға тексеру жүр­гізіліп, келтірілген шығын көле­мі нақтыланып жатыр. Қала­да жергілікті ауқымдағы таби­ғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апаттан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардан өтініштер қабылдау жалғасады», деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Ақсу қаласында дауыл салдарынан 32 нысанның, соның ішін­де тұрғын үйлер мен инфрақұ­рылым нысандарының шатырлары зақымданданған. Аталған қалада, Баянауыл, Павлодар аудан­дарында да табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі енгізілді. Баянауыл ауданы аумағында инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үй қоры бүлінген. 38 ауылдық елді мекеннің 37-сінде электр қуатының өшуі тіркелді. Сонымен қатар боранның салдарынан 198 бас ұсақ мал, 2 бас ірі қара, 82 жылқы қырылған. Қазір боранда ығып кеткен 600-ден астам қой іздестіріліп жатыр.

Электр жарығынан ажырау деректері Ақтоғай, Аққулы аудан­дарында да тіркелген. Өңірлік төтенше жағдай департаментінің ақпарынша, облыстағы 58 елді мекен су тасқыны қаупі бар ай­мақтарға жатқызылды. Бүгінде ауылдық жерлерден 196 мың тоннадан астам қар шығарылды.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар