Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сынында еліміздің әйелдер құрамасы Астанада Канада теннисшілерін қабылдайды. Бәсекелер 10-11 сәуірде өтеді.
Жаһандық жарысқа Канада құрамасы 1963 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Тек 1965 жылы ғана олар бәсекеде болған жоқ. Содан бері 194 кездесу өткізіп, 111 рет жеңіске жетті. Әр жылдары ширек, жартылай финалдарда ойнады. Өздерінің ең зор табысына «Үйеңкі жапырақтар елінің» өкілдері 2023 жылы қол жеткізді. Севильяда өткен финалдық бәсекеде Хейди әл-Табах жетекшілік еткен ұжым Италияны 2:0 есебімен ұтты. Жұлдызды команданың сапында Эжени Бушар, Габриэла Дабровски, Ребекка Марион, Кэтрин Себов, Марина Стакушич, Лейла Фернандес сынды сұлулар өнер көрсетті.
Еліміз бен Канада құрамаларының Кинг кубогі жолындағы жарыста жолдары бір мәрте қиысты. Осыдан 10 жыл бұрын қарсыластардың кортында өткен бәсекеде қыздарымыз 2:3 есебімен есе жіберген еді. Бұл күндері әлемдік рейтингте Канада төртінші орынға тұрақтаса, еліміз құрамасы тоғызыншы сатыға табан тіреп тұр.
Қазір Канада өте қарулы. Ең үздік теннисшісі Виктория Мбоко әлемдік рейтингте 13-орынды иеленіп отыр. 19 жастағы аса дарынды ойыншы былтыр WTA-ның Монреаль мен Гонконгтегі турнирлерін ұтты. Үздіктер тізімінде 24-сатыға жайғасқан Лейла Фернандестің табысы командалық әріптесінен де зор. Тегі эквадорлық теннисші 2021 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігі (жекелеген сын) мен 2023 жылы Ролан Гарростың (жұптық сын) финалында күш сынасты.
Еліміз бен Канададан бөлек, осы кезеңде Италия – Жапония, Бельгия – АҚШ, Аустралия – Ұлыбритания, Словения – Испания, Швейцария – Чехия, Украина – Польша құрамалары өзара шеберлік байқасады. Финалдық кезеңді қабылдайтын Қытай теннисшілері іріктеу турниріне қатыспай-ақ, негізгі жарысқа бірден жолдама алды.