• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Теннис Бүгін, 08:12

Қарсыласымыз – Канада құрамасы

10 рет
көрсетілді

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сынында еліміздің әйелдер құрамасы Астанада Канада теннисшілерін қабылдайды. Бәсекелер 10-11 сәуірде өтеді.

Жаһандық жарысқа Канада құрамасы 1963 жылдан бері үздік­сіз қатысып келеді. Тек 1965 жылы ғана олар бәсекеде болған жоқ. Содан бері 194 кездесу өткі­зіп, 111 рет жеңіске жетті. Әр жыл­дары ширек, жартылай финал­дарда  ойнады. Өздері­нің ең зор табысына «Үйеңкі жапырақ­тар елінің» өкілдері 2023 жылы қол жеткізді. Севильяда өткен финалдық бәсекеде Хейди әл-Табах жетекшілік еткен ұжым Италияны 2:0 есебімен ұтты. Жұлдызды команданың сапында Эжени Бушар, Габриэла Дабровски, Ребекка Марион, Кэтрин Себов, Марина Стаку­шич, Лейла Фернандес сынды сұлулар өнер көрсетті.

Еліміз бен Канада құра­ма­ларының Кинг кубогі жо­лындағы жарыста жолдары бір мәрте қиысты. Осыдан 10 жыл бұрын қарсыластардың кортында өткен бәсекеде қыздарымыз 2:3 есе­бімен есе жіберген еді. Бұл күн­дері әлемдік рейтингте Канада төртінші орынға тұ­рақтаса, еліміз құрамасы тоғы­зыншы сатыға табан тіреп тұр.  

Қазір Канада өте қарулы. Ең үздік теннисшісі Виктория Мбоко әлемдік рейтингте 13-орынды иеленіп отыр. 19 жастағы аса дарынды ойыншы былтыр WTA-ның Монреаль мен Гонконгтегі турнирлерін ұтты. Үздіктер тізімінде 24-сатыға жайғасқан Лейла Фернандестің табысы командалық әріптесінен де зор. Тегі эквадорлық теннисші 2021 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігі (жекелеген сын) мен 2023 жылы Ролан Гарростың (жұптық сын) финалында күш сынасты.

Еліміз бен Канададан бөлек, осы кезеңде Италия – Жапония, Бельгия – АҚШ, Аустралия – Ұлыбритания, Словения – Испания, Швейцария – Чехия, Украина – Польша құрамалары өзара шеберлік байқасады. Финалдық кезеңді қабылдайтын Қытай теннисшілері іріктеу турниріне қатыспай-ақ, негізгі жарысқа бірден жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар