ПЕТРОПАВЛ. 13 мамыр. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры В.Поляков терек бүршіктерінен дәрі-дәрмек шығарумен көптен бері айналысып келеді. Осы жолы ойлап тапқан емдік препараттар адам ағзасына өте пайдалылығымен ерекшеленіп отыр. Бұл туралы университеттің «Парасат» баспасөз орталығы хабарлады.
Химия ғылымдарының докторының айтуынша, Қызылжар өңірінде өсетін терек бүршіктері негізінде жасалған 8 бірегей емдік препараттар суық тигенде, күйік шалғанда таптырмайтын бірден-бір дәру көрінеді. Сондай-ақ, стоматологияда, туберкулезге қарсы кеңінен қолдануға болады. Осындай емдік препараттарды пайдаланудың арқасында 50-ге жуық науқас денсаулығын оңалтыпты.
«Эфир майы Алматыдағы туберкулез орталығы базасында әбден зерттелінді. Тамақ булау кезінде бұл май туберкулездің микробактерияларына әсер етіп, ауруды 2 айда сауықтырады. Басты өзгешелігі сол, өкпедегі жаралар құлан-таза жазылып шығады», дейді СҚМУ профессоры Владилен Поляков.
Бүгінде «Қызыл май» фирмасымен бірлесіп жасалған препараттардың патенттері бар. Алайда медицина саласында кеңінен қолдануға қаражат жағы қиындық келтіріп отыр.
Өмір Есқали.
Дерек: М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті.
Сурет: egemen.kz