АСТАНА. 26 маусым. Ертең, 27 маусымда Италияның Милан қаласында өтіп жатқан Expo Milano-2015 көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні атап өтіледі. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» хабарлады.
Шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Сапары аясында Италия мен Қазақстанның мемлекет басшылары мен бизнес-топтарының кездесулері өтеді деп күтілуде. Президент Қазақстанның павильонында Италияның премьер-министрімен кездеседі, сонан соң қазақстандық-итальяндық бизнес-форум өтеді. Мұнда жалпы сомасы 500 млн. долларды құрайтын шамамен 20 келісімге қол қою жоспарланған.
Ұлттық күнді өткізу – өз мемлекетіңді әлемге таныстыруға, оның тарихы мен дәстүрлері туралы айтуға сәтті мүмкіндік. Қазақстан 2005 жылдан бері Дүниежүзілік көрмеге қатысып келеді. Бірақ биыл мемлекеттің павильоны ерекше орынға ие болып отыр. EXPO Milano-2015 көрмесінде Қазақстан павильонының алғашқы екі айда туристер мен көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
«Factsand Fiction» неміс компаниясымен құрылған біздің павильон «Қазақстан – мүмкіндіктер мемлекеті» тақырыбымен таныстырылды. Италияның БАҚ деректері бойынша біздің павильон турсит ең көп келетін үздік бестікке кіреді. Мұнда бір жолғы өткізу мүмкіндігі 80 адам. Ал күнделікті келушілердің саны шамамен 4 500 адамға жетеді.
EXPO Milano-2015 дүниежүзілік көрмесінде GAZZETTA DI PARMA күнделікті газеті Қазақстанның павильонын «көруге тұрарлық ондықтың» қатарына қосты. Мұнымен қоса, белгілі Reppublica басылымы арқылы ұйымдастырылған дауыс беру нәтижесі бойынша Қазақстанның павильоны бүгінгі күні Колумбиядан кейін екінші орынға ие болып отыр.
Көрме жұмысы басталғаннан бері Қазақстанның павильонын Монако ханзадасы, Қытай премьер-министрі, Германия мен Венгрияның экономика министрлері және Лондон қаласы мэрі әкімі келіп тамашалады.
Ұлттық павильон екі мақсатты көздейді – өз мемлекетін лайықты түрде таныстыру, дүниежүзілік жәрмеңкенің басты көрнекті орнына айналу және Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінде қонақтарға таңғажайып шоу ұсынылатынын көрсету.
Ауданы 3 000 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат «Егіншілік», «Мал шаруашылығы», «Қазақстан туралы қызықты фактілер», «Қазақстанның аквамәдениеті», «Қазақстанның экологиясы» және «Болашақ ауыл шаруашылығы» сияқты тақырыптармен бірнеше экспозициялық аймақтарға бөлінген. Павильонға келушілер табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарын қорғау тақырыбымен, Қазақстанның мәдениетімен және мемлекет көздеген тұрақты даму идеяларының қағидаттарымен танысады.
Осы жылдың 1 мамырында ашылған Миландағы көрме 31 қазанға дейін жалғасады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: «ҚазАқпарат».