Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, электронды сауданың қарқынды дамуы аясында экологиялық жүктемені азайту мәселесін көтерді. Халық қалаулылары қоршаған ортаны қорғау мен қалдықтарды тиімді басқару бағытында нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
Депутат Мархабат Жайымбетов бұл бастаманың өзектілігін атап өтті.
«Жаңа Конституцияда қоғамның басты сұраныстарының бірі – адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды іргелі қағидат ретінде орнықтыру», деді ол. Оның айтуынша, экологиялық қауіпсіздік бүгінде мемлекеттің стратегиялық басымдығына айналып отыр.
Соңғы жылдары электронды сауда экономиканың маңызды бөлігіне айналды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы бұл сала бойынша 18 мыңнан астам өтініш тіркелген. Бұл онлайн сауданың тұтынушылық қатынастарда орнығып келе жатқанын көрсетеді. Алайда оның экологиялық салдары да назар аударуды қажет етеді.
Онлайн саудада отандық тауардың бәсі биік
«Онлайн сауданың кеңеюі бір жағынан халыққа үлкен қолайлылық әкелсе, екінші жағынан экологиялық мәселелерді де алға шығарып отыр», деді депутат.
Біріншіден, тауарды жеткізу барысында пластик, пленка, картон секілді қаптама материалдары кеңінен қолданылады.
«Жеткізілгеннен кейін олардың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтар құрамындағы қаптама үлесі артып, полигондарға түсетін жүктеме жылдан жылға көбейіп барады», деді М. Жайымбетов.
Екіншіден, жеткізу қызметтері көлік қозғалысын арттырып, атмосфераға бөлінетін зиянды қалдық көлемін ұлғайтады. Әлемдік зерттеулерге сәйкес, жүк және тауар тасымалы көмірқышқыл газының шамамен 24 пайызын құрайды.
Елімізде онлайн несие алу тәртібі өзгереді
Қазақстанда жыл сайын 4,5-5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. Ал қайта өңдеу деңгейі 2025 жылы небәрі 28 пайыз шамасында қалған. Депутаттың айтуынша, бірқатар өңірде мәселенің күрделене түсуі сұрыптау инфрақұрылымының жеткіліксіздігімен және бизнестің қаптама көлемін азайтуға немесе қайта пайдаланылатын жүйені дамытуға экономикалық ынталандырудың әлсіздігімен байланысты.
Халықаралық тәжірибе де бұл бағытта нақты шешімдер бар екенін көрсетеді. Мәселен, кейбір елдерде маркетплейстер жеткізудің соңғы кезеңінде электр көліктерін пайдаланып, көміртегі бөлінуін азайтып отыр.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады.
«Электрондық сауданың дамуы экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Табиғатты қорғау – тек мемлекеттің ғана емес, бизнес пен қоғамның да ортақ міндеті», деді депутат.
Атап айтқанда, электронды саудада бір реттік қаптаманы қысқарту бойынша нормативтік талаптарды енгізу, қайта пайдаланылатын экологиялық қаптама үлесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылды. Сонымен қатар ірі онлайн платформалар мен жеткізу компаниялары үшін қаптама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша кеңейтілген экологиялық жауапкершілік механизмін енгізу қажеттігі айтылды.
Тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздарды беру ісіне өзгеріс енгізіледі
Бұдан бөлек, ірі қалаларда қайтарымды контейнерлер мен көп рет қолданылатын қаптама жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу, өңірлерде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту үшін инвестициялық ынталандыру шараларын күшейту ұсынылды.