Елдіктің ерен белгісі, бірліктің терең көрінісі болған республикалық референдум мемлекеттік мерейімізді тасытып, мәртебемізді асырып отырған осынау күндерде біз алуан-алуан ойға берілеміз. Сол ойлардың бір саласы Заң мен тәртіптің алтын арқауы аталатын Конституцияның қадір-қасиетіне, жалпы конституционализм ұғымының ұлағатына қатысты. Адам өміріндегі де, қоғам өміріндегі де, заман тынысындағы да әрбір қадам осы құжатқа келіп тіреледі, бәрін де Конституцияда көзделген қағидаттар айқындайды.
Референдумды өткізу жөніндегі Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабының мүшесі ретінде соңғы бір ай ішінде көптеген мекемеде, ұжымда кездесу өткіздік, Ата заңның баптары, тармақтары туралы түсіндіру жұмысын жүргіздік. Солардың бірінде жұртшылыққа біздің тәуелсіз ел атануымыздың өзінде Конституцияның үлкен орны бар екенін айтқан едік. Залдағы біраз адамның таңдана қарағанын да байқағанбыз. Таңданатын ештеңесі жоқ екенін түсіндіргенбіз. Иә, дәл солай. Интернетті ашыңыз да, КСРО-ның 1936 жылғы, 1977 жылғы Конституцияларын қараңыз. 1936 жылғы Конституцияның 17-бабында «За каждой союзной республикой сохраняется право свободного выхода из СССР» деп жазылған. Бұл сөйлем 1977 жылғы Конституцияның 72-бабында дәл осы күйінде қайталанған. Аудармаға күдік-күмән келтірілмесін деп әдейі орысша мәтінді алып отырмыз. 1991 жылы алдымен Балтық бойындағы республикалар, олардан кейін басқалар Одақтан шығуға бағыт ұстағанда дәл осы 72-бап көлденең тартылған, сонда барып әуелде дербестік жайында айтқанның бәрін сепаратизмге жатқызып өзеурегендердің аузы жабылған. Негізгі заңда ондай бап көзделмесе, Одақтан шығу әрекетінің кез келгені антиконституциялық, яғни заңсыз қадам деп танылатын еді, бостандыққа ұмтылыстың бәрі бесігінде тұншықтырылатын еді. Міне, бір осы мысалдың өзі конституционализмнің қандайлық керемет күші бар екенін кәміл көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің бүкіл тыныс-тіршілігімізді айқындап, адам деген ардақты атты асқақтатады, қоғам деген ұғымға құрметті арттырады, заңдылықтың, тәртіптің үйренетін үлгісін ұсынады, құқықтық мемлекет ретіндегі сипатымызды бекіте түседі. Бұл Конституцияны уақыт туғызды. Оның нағыз халықтық Конституция ретіндегі сипатын референдумда дауыс беруге келудің деңгейі де, жобаны жақтап дауыс берудің деңгейі де келісті көрсетті. Қазақстандықтардың қоғамдық белсенділігінің жоғарылығын тамаша танытқан бұл референдум еліміздің ішкі бірлігінің бекемдігін, ел халқының өз Отанының тағдырына қандайлық жауапкершілікпен қарайтынын даусыз дәлелдеді. Біз – біртұтас Елміз! Біз – мықты Мемлекетпіз! Ендігі жерде өзімізді-өзіміз төменшіктететін, өз мемлекетімізді өзіміз тұқыртып сөйлейтін мінезден бірте-бірте арылуға көшуіміз керек.
Талай жайды толғауға мүмкіндік береді бұл референдум. Бір ғана ойды ортаға салумен тоқтайық. Алдыңғы күні Мемлекет басшысы «Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс» деп қадап айтты. Бұл – конституциялық қағидат. Бір қиырдан бір қиырға шығандаудың түбі жақсылыққа апармайды. Діннің адам көңіліндегі орны ерекше болуы керек. Діннің қоғам өміріндегі орны ерекше болуы міндетті емес. Ондайлардың шекесі шылқып тұрғаны шамалы.
Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Тұтастықты, бірлікті, татулықты, демократияны, құқықты, заңды, тәртіпті, жауапкершілікті, ұлттық құндылықтарды таңдады. Бұл таңдау елді жаңа биікке көтеруге тиіс.
Қазақстан ұлыстың ұлы күніне – әз Наурызға жаңарған елдің жаңа Конституциясымен барғалы отыр. Құтты болсын!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты