Кейінгі жылдары елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асып жатыр.
Соның бірі – Назарбаев университеті Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) әзірлеген – «Oylan» моделі. Аталған институттың Сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджері Әйгерім Сәрсенованың айтуынша, бұл – мәтін, аудио және бейнедеректерін түсініп, оларды бірге талдай алатын көпмодальды генеративті жасанды интеллект моделі.
– «Oylan» күрделі тапсырмаларды орындау барысында веб-іздеу жүргізе алады және көпқадамды ойлау арқылы шешім ұсынады. Модель әмбебап платформа ретінде жасалған және оны экономикадағы түрлі салаларға бейімдеп, нақты салалық міндеттерді шешу үшін қолдануға болады. Мысалы, білім, аналитика, медиа контент жасау, мемлекеттік қызметтер және бизнес үдерістерін автоматтандыру сияқты бағыттарда пайдалануға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Осы саладағы тағы бір маңызды жоба – «TilSync». Бұл жүйе қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде нақты уақыт режімінде жоғары сапалы субтитр жасауға мүмкіндік беретін ЖИ қызметі. Мұндай технологиялар онлайн іс-шаралар, конференциялар, білім платформалары, медиа және трансляция саласында кеңінен қолданылып отыр. «TilSync» тілдік кедергіні азайтып, көптілді аудиториямен тиімді жұмыс істеуге көмектеседі.
– Еліміздің жасанды интеллект экожүйесінде «MangiSoz» платформасы да ерекше орын алады. Бұл жүйе мәтін мен сөйлеуді генерациялау, аудару және тану қызметтерін атқарады. Сонымен қатар ол қолжазба мәтінді және құжат скандарын тану (OCR), аудио және бейнематериалдардағы сөйлеушілерді ажырату (диаризация), сондай-ақ экспрессивті синтезделген дауыс жасау мүмкіндігіне ие. Платформа қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, араб, әзербайжан, испан, француз, қырғыз, өзбек тілдерін қолдайды. Қазір бұл технология мемлекеттік органдарда, білім мекемелерінде, корпоративтік секторда қолданылып келеді. Сонымен бірге «Beynele» атты жасанды интеллектіге негізделген сурет генераторы әзірленген. Бұл жүйе еліміздің әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін дәл бейнелейтін визуалдар жасауға мүмкіндік береді. Яғни жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелерде жергілікті мәдениет, дәстүр, киім үлгілері және ұлттық ерекшеліктер ескеріледі. Сондықтан «Beynele» баспа ісінде, маркетингте, білім жобаларында және креативті индустрияда ұлттық контентті дамытуға көмектеседі», дейді Ә.Сәрсенова.
Оның пікірінше, инфрақұрылымдық деңгейде жасанды интеллект немесе машиналық оқытуда модельдің қорытынды шығару жүйесі де жасалған. Ол коммерциялық қолжетімді компоненттер негізінде құрастырылып, институт әзірлеген ЖИ модельдерін іске қосуға арналған. Бұл сервер ұйымның жабық жергілікті желісінде жұмыс істей алады, сондықтан деректердің қауіпсіздігі жоғары деңгейде сақталады. Мұндай шешімдер мемлекеттік органдар мен корпоративтік секторға өте маңызды, себебі олар құпия немесе сезімтал деректермен жұмыс істейді.
Мұнда айта кететін бір жайт, аталған жобалардың барлығы Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында (Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence – ISSAI) әзірленген. Институт елімізде жасанды интеллект технологияларын дамытуға, қазақ тіліндегі ЖИ құралдарын жетілдіруге, оларды ғылым, бизнес пен мемлекеттік секторда кеңінен енгізуге бағытталған зерттеулер жүргізіп келеді. Сонымен бірге жеке секторда да табысты цифрлық және ЖИ жобалармен айналысып отыр. Мысалы, «Cerebra» – инсультті ерте анықтауға арналған медициналық жасанды интеллект жүйесі, ол әлемнің бірнеше елінде қолданылады. «Higgsfield AI» генеративті визуалды және бейне-контент технологияларын дамыту бағытында жұмыс істейді. Ал «Shai Pro» сияқты компаниялар бизнес-үдерістерді автоматтандыруға, компаниялардың тиімділігін арттыруға арналған ЖИ құралдарын ұсынады.