• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 14:53

Жаңа Конституциядағы басты жаңашылдықтар

20 рет
көрсетілді

15 наурызда республикалық референдум өтіп, Қазақстанның жаңа Ата заңы қабылданды. Жаңартылған Конституция –  құқықтық өзгерістер жиынтығы ғана емес, елдің басқару моделін қайта қарастырған, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформалардың өзегі. Өзгерістер қоғам сұранысына жауап беріп, мемлекет пен халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруді көздейді, деп жазады Egemen.kz. 

Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, бұл Конституцияның басты авторы – Мемлекет басшысы, сондай-ақ Қазақстан халқы оған өз үлесін қосты. Жаңа Конституцияның негізгі мақсаты мен басты бағыттары бірінші кезекте қоғамдағы атқарылып жатқан жұмыстар мен игі істерге байланысты барынша ашықтықты, яғни транспаренттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қолданыстағы Конституция 1995 жылы қабылданып, оған отыз жылдан астам уақыт өткендіктен, қазіргі жаңару кезеңінде жаңа Конституция уақыттың жаңа талабы ретінде қабылданып жатыр.

«Конституция 80%-дан астам өзгерді, көптеген бөлімдер өзгеріске ұшырады. Зор жаңашылдықтың бірі – елімізде жаңа саяси институттардың пайда болуы, атап айтқанда, Вице-президент, бір палаталы парламент (Құрылтай), сондай-ақ «Халық кеңесі» атты жоғары консультативтік кеңесші органның құрылатыны», деді Геннадий Шиповских.

Оның айтуынша, конституциялық реформалар Қазақстанның дамуына оң әсер етпек.

«Бұл реформалар саяси институттардың нығаюына, отандастарымыздың азаматтық позициясының күшеюіне және қоғамдық институттардың дамуына ықпал етеді. Бұл Конституцияның басты авторы – Мемлекет басшысы, сондай-ақ Қазақстан халқы оған өз үлесін қосты. Маңызды құжат «халық Конституциясы», деп аталып жүр, бекер емес, өйткені оны әзірлеу барысында 12 мыңнан астам ұсыныс түсті», деді депутат.

Сондай-ақ Сенат депутаты жаңа Конституцияда азаматтық құқықтар мен бостандықтарды қорғауға ерекше мән берілгенін атап өтті.

«Бірқатар баптарда құқықтар мен бостандықтарды қорғау нақты көрсетілген. Бұрын адвокатура институтында конституциялық статус болмаған еді, енді бұл мәртебе беріліп отыр. Бұл – сот процесіндегі тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Енді адвокаттардың ресми конституциялық статусы бар, бұл дегеніміз – әрбір азаматтың құқығын толығымен қорғауға зор мүмкіндік береді», деді сенатор.

Депутаттың сөзінше, жаңа өзгерістердің бірі – азаматтарды ұстау кезінде олардың құқықтарын түсіндіру тетігінің енгізілуі.

«Енді құқық қорғау органдары азаматты ұстаған кезде оның құқықтарын толық түсіндіруге міндетті болады. Бұл – әрбір азаматтың құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Яғни, полициялық қызметтегі түрлі органдардың өкілдері азаматқа келген кезде немесе тұтқындау алдында оның құқықтарын және не үшін ұстап жатқанын айтады. Бұл – әрбір азаматтың құқығы, бұндай бұрын-соңды болмаған», деді Г. Шиповских.

Депутат Конституцияда қоршаған ортаны қорғау, оны ластамау және табиғатты сақтау туралы нақты нормалар енгізілген атап өтті. Г. Шиповских жергілікті басқару органдарының рөлін күшейтуге бағытталған нормалар қарастырылғанын, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне байланысты арнайы нормалар мен қолдау тетіктері енгізілетінін, жастар, әйелдер және әлеуметтік әлсіз топтар үшін кепілдіктер кеңейтілгенін, тағы басқа жайттарды тілге тиек етті.

Сонымен қатар депутат жаңа Конституция нормаларын халыққа түсіндіру жұмыстары да жалғасатынын жеткізді.

«Референдум алдында арнайы коалиция құрылып, кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жалғасын табады», деп қорытындылады Сенат депутаты Геннадий Шиповских.

Түйіндей айтқанда, жаңа Конституциядағы өзгерістер Қазақстанның демократиялық даму бағытын айқындайды. Өзгерістер мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның саяси белсенділігін арттыруға бағытталған. Конституциядағы жаңашылдықтар – елдің тұрақты дамуына негіз болады.

Соңғы жаңалықтар